Он оқу орнын қаржыландыру - Қазақстанның 30 елдің қатарына енуінің басты қозғаушысы - профессор Л. Ахметова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Білім беру жүйесі мен экономикалық салаларды қамтыған ғылым саласын тоғыстыру әрі жан-жақты қаржыландыру - Қазақстанды нұрлы болашаққа бастайтын бірден-бір жол. Бұл туралы пікірімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, қоғам қайраткері Ләйла Ахметова бөлісті.

Қоғам қайраткері Елбасының биылғы Жолдауын ұжым болып ықыласпен тыңдағандарын айтып өтті.

«Мені маман ретінде білім мен ғылым ұштастырылатын 10 оқу орнын іріктеу мәселесі өте қызықтырып отыр. Осы бағытта Президент 2017 жылға дейін 10 млрд. теңге бөлуді ұсынды. Қазіргі заманда білім мен ғылым жүйесін дамыту - қоғам дамуының қозғаушы факторы екендігі ақиқат. Білім саласына баса көңіл бөлген ел ұзамай-ақ жемісін жейді. Сөз жоқ, аталған қаржы Қазақстанның білім саласын қарқынды дамытып, 30 елдің қатарына енуіне мүмкіндік береді. Менің қырық жылдан бері тер төгіп келе жатқан ұжымым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Елбасы қойған тапсырмаларды сапалы орындап, аталған талап тезінен шыға алатынын кәміл сенемін», - деді Л.Ахметова.

Сонымен қатар, ұстаз Елбасының Жолдауында әлеуметтік мәселелерге аса мән берілгенін құптайтынын жеткізді.

«Маған ана ретінде, әйел ретінде әлеуметтік жағдай бірінші кезекте маңызды. ШОБ-ты қолдауға 100 млрд. теңгенің бөлінуі - үлкен демеу. Өйткені, ол әрбір қазақстандықтың өмірінің сапасын арттырады. Бизнесмендердің арасында әйелдер де көп. Сол арқылы гендерлік бағыттағы мәселенің де шешімі оңтайлы табылары сөзсіз. Халықтың жұмыспен қамтуға, іскерлік белсенділікке Елбасы бекер шақырып отырған жоқ», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар