Он мыңнан астам ақтөбеліктің қаржы пирамидасына ақша салғаны анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Қазір 10 мыңнан астам адамның ақша салғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті «Голд» қаржы пирамидасына ақша аударып, пайдаға кенелмек болғандардың тізімін жасап жатыр. Қазір сот алды тергеу жұмыстары басталды.

«Қазіргі уақытта 10 мыңнан астам салымшы анықталды. Олардың шығыны есептеліп жатыр. «Голд» ЖШС-мен арада келісімшарт бар. Зергерлік бұйымдарды бағалау, зергерлік бұйымдарды сату мен сервистік қызмет туралы ғана жазылған. Бұған дейін бірнеше рет БАҚ арқылы беймәлім ұйымдарға қаржы салмау, сақ болу туралы ескертіп, хабарлама берген болатынбыз. Әрі әлеуметтік желіне таратқан ақпараттарға сенуге болмайды», - деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

Ақтөбелік салымшылар серіктестік ғимаратына барып, полиция қызметкерлерімен кездесті.

«Көбі алғашқы кезеңде ескертіп, хабарлама беру керек еді деп уәж айтты. Компания жұмысын тоқтатпас бұрын Ұлттық банк, мемлекеттік кірістер органдарына сұраныс жіберіп, қаржылық қызметі туралы білуіміз керек. Тексере келе, Ресей азаматтарының ешқандай есепшоты жоқ екенін білдік. Бухгалтерлік есеп жүргізілмеген. Басшылары кешкілік келіп, сейфтен ақша алып отырған. Бары осы», - деді Самат Аисов.

Еске салсақ, осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни, «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде ұйым кеңсесінде тінту жүргізілді. Құжаттама, компьютерлік техника тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар