Он мыңға жуық елордалық оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер беріледі

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мектепке жол» акциясы аясында 10 мыңға жуық елордалық оқушыға ішінде қажетті оқу құралдары бар сөмкелер беріледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа 2022-2023 оқу жылында аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражат есебінен 10 мыңға жуық балаға керек-жарақтары бар мектеп сөмкесі берілмек. Оны бірінші кезекте әлеуметтік осал топ санатына жататын оқушылар алады», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Республикалық «Мектепке жол» акциясы 1 тамызда басталған. Қазіргі уақытта аталған шараға мемлекеттік органдарды, меценаттарды, демеушілер мен үкіметтік емес ұйымдарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, астанада үш ауысыммен істейтін 4, ал бала саны шамадан тыс артық 15 мектеп бар. Ал, оқушы мектепке формасыз келген күннің өзінде, партаға отыруға құқылы .


Соңғы жаңалықтар