Он маңызды бағыт: Алдағы үш жылда 111 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінен елімізде алдыңғы орындарда келеді. Бүгінде Сыр өңірі елдімекендерінің 83 пайызы ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясында жариялаған он маңызды бағыттың бірі - ауыз су мәселесі. «Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Қызылорда облысы елдімекендерді сумен қамту бойынша республикада екінші орында келеді. Бірінші орында 89 пайызбен Алматы облысы тұр. Сондай-ақ, облыс - сумен қамтамасыз етудің бірыңғай операторы құрылған алғашқы аймақ.

Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, Қызылорда облысы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуде бірқатар жетістікке қол жеткізген.

«2017 жылдың маусым айына дейін Қызылорда облысында оқшау ауыз су жүйесін пайдаланатын 10 мекеме жұмыс істеді. Алайда, осы мекемелер тұтынушыларды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ете алмады. Себебі, жергілікті жерде кәсіби мамандардың тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, арнайы техниканың болмауы, төмен және әр түрлі тарифпен сумен жабдықтау жүйесін дұрыс пайдаланбау секілді проблемалар алдымыздан шықты. Сондықтан облыстағы «ҚазСуШар» мекемесі» Арал филиалының материалдық-техникалық әлеуетін пайдалану үшін аудандардағы локалды су беруші мекемелерді филиалдың теңгеріміне беріп, республикада бірінші болып өңірде бірыңғай оператор құрылды», - дейді М.Усаин.

Бірыңғай оператор құру нәтижесінде бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мәселен, тәулік бойы су алатын ауылдық елдімекендер саны 88-ден 145-ке дейін көбейді, оқшау (локалды) су пайдаланушыларға бірыңғай тариф бекітілді (386,95 теңге/м3), материалдық-техникалық базасы жақсарды, бастысы - тұтынушылардан түсетін арыз-шағым азайды.

«Бүгінгі күні облыста 235 елді мекен бар. Оның ішінде, үшеуі - қалалық (Қызылорда, Арал, Қазалы), ал 232 - ауылдық елді мекен. Қалалық елді мекендердегі халықтың 98 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ауылдық елдімекендердің 83 пайызы топтық су құбырлары және су тарату жүйесі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 427,8 мың адамды немесе ауылдағы халықтың 97 пайызын қамтыды. Сонымен қатар, 39 елді мекен немесе 16,8% орталықтандырылмаған жүйеден (оқшау скважиналар, құдықтар, тасымал арқылы) су тұтынуда. Бұл негізінен халқы аз ауылдар және онда су жүйесін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз», - деп атап өтті М.Усаин.

Естеріңізге салайық, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспарға әлеуметтік маңызы бар жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұрудың 14 жобасы енгізілді. Осы жобалар іске асқан кезде 111 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады.

Соңғы жаңалықтар