Он айда бюджетке 12,4 трлн теңге кіріс түскен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметі бойынша, өткен 10 айда бюджетке 12,4 трлн теңге кіріс түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет бюджетіне трансферттерді есепке алмағанда 12 трлн 427 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар (11 933 млрд. теңге) 104,1% орындалды.

Республика бюджетіне 8,4 трлн теңге шамасында кіріс (трансферттерді есепке алмағанда) түсті немесе жоспар 102,2% орындалды.

Кірістер бойынша жоспар 179 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар - 89 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 90 млрд теңгеге асыра орындалды», - деді министр.

Сондай-ақ ол салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына тиесілі екенін атап өтті.

Оның басты факторлары:

- өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 26% ұлғаюы;

- қосылған құн салығын қайтару сомасының 19% төмендеуі;

- үшінші елдерден импорт көлемінің 29% ұлғаюы.

«Импорттық кеден бажы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар