Омыртқасы қисайған ақтөбелік жасөспірім Оңтүстік Кореяда тегін емделіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Синчон Северанс клиникасының дәрігерлері «Бақытты бала» жобасы аясында 17 жастағы Дана Бекбасарованы тегін емдеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік Кореяның дәрігерлері бұған дейін туа бітті сал ауруына шалдыққан 2 жасар ақтөбелікке ем жүргізді.  Бұл жолы жасөспірімнің сирек кездесетін дертін емдеуге келісім берді.

«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде «Бақытты бала» жобасы іске асырылып жатыр. Астана қаласының 20 жылдығы мен Ақтөбедегі Балалар жылына арналған іс-шаралардан медицина саласы да тыс қалмай, қолдан келер бар көмегін беріп жатыр. Мәселен, таяуда төртінші бала Оңтүстік Кореяға жіберілді. Жол шығыны, емнің бәрін кореялықтар қамтамасыз етіп отыр. Тегін ем дерті ауыр, созылмалы науқастарға жүргізіледі. Сонымен қатар, біз Түркиямен де келісім жүргізіп жатырмыз. Осы әдіспен тағы 5 баланы емдегіміз келеді»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Оңтүстік Кореядағы Синчон Северанс клиникасы 17 жастағы жасөспірімді өз қамқорлығына алды. Дана Бекбасарованың бойындағы дерт 2014 жылы медициналық тексеруде алғаш рет анықталған. Омыртқасы қисайып кеткен жасөспірім массаж алып, түрді дене жаттығуын жасады. Астана, Ақтөбедегі ортопедтердің қарауында болып, жүйелі ем қабылдаған соң шетелдік дәрігерлерге көрсетілді.

«Балалардың бойындағы аса ауыр дертті Ақтөбеге келген шетелдік дәрігерлерге көрсетіп аламыз. Олар қарап, ата-аналарға баланы емдеу жолын айтады, күтімін түсіндіреді. Ал Оңтүстік Корея Ақтөбедегі медициналық кластерді дамытуға көмексететін серіктес ел. Алғашында бүйрек, бауыр ауыстыру отасын жасау жолдарын үйретті. Алдағы уақытта бірнеше орталықты салып, дәрігерлерді дайындау және бірлескен ота жасауды жалғастырады. Қалқанша безіне де ем жасап жатыр. Ақтөбелік дәрігерлер Кореяға барып, тәжірибе жинап жүр»,- деді Әсет Қалиев.

Еске салсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяның бірнеше компаниясы мен Ақтөбе бірнеше меморандумға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар