Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы жаңа нысандардың құрылыс барысымен танысты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан жаңа нысандардың құрылыс барысымен танысты. Ондағы мердігерлермен кездесіп, қалыптасқан бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Түркістан қаласының шығыс бағытында орналасқан жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығында жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешендері мен коттеджді қалашықтар бой көтеруде. Сондай-ақ, заманауи қонақ үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа ғимараттар мен кеңселер, сауда, ойын-сауық орталығы ашылмақ. Аймақ басшысы алдымен 12 гектар жерде құрылысы жүріп жатқан 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешенін аралап көрді.

Түрік компаниясы салған зәулім үйлердегі пәтерлердің жалпы аумағы 160 мың шаршы метрден асады. Мұнда екі мыңнан аса отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Жаңа үйлердің алдын абаттандыру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құрылысы аяқталған бес үйдегі баспаналардың 90 пайызы сатылған. Жалпы, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы 1500 гектарға жуық аумақты қамтиды. Мұнда бой көтерген жаңа ғимараттардың барлығы дерлігі заманауи үлгіде салынуда. Онда Түркістан облыстық адвокаттар алқасы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналаспақ. Сонымен қатар инвестициялық жобалар арасында бірнеше бизнес, шахмат, мейрамханалар желісі, медициналық және стоматология орталықтары, коммерциялық ғимараттар мен көшет өсіретін кешеннің құрылысы жоспарланған. Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуын қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастырылған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 13 мың гектарды құрайды деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар