Өмірзақ Шөкеев су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстанға барды

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Қазсушар» мекемесінің басшылары бүгін Мақтаарал ауданындағы су тасқыны мәселесін реттеу бойынша Өзбекстанның Сырдария облысына аттанып кетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кезекті брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәкен Қалқамановтың айтуынша, Қазақстаннан тасқын суды тоқтату бойынша барған топ тиісті министрлік өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Су босату жұмыстарын бір жүйеге келтірмек.

«Арнайы топ Өзбекстанның су министрі Хамраевпен және Сырдария облысының басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізеді. Бұл кездесудің нәтижесін біз қосымша хабарлайтын боламыз. Жалпы бұл жағдай екі елдің үкіметі тарапынан талқыланып, шешілетін болады. Соңғы мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін ауданға 300 млн текше метрдей су келген. Мұндай көлемдегі су алғаш рет болып отыр. Десе де қауіп әлі сейілген жоқ деп айтуға болады. Өйткені Өзбекстан тарапынан әлі қанша су келетіні белгісіз. Нақты ақпарат бүгін ғана берілетін шығар, сонда біз болжам жасай аламыз. Себебі Өзбекстанмен су туралы мәлімет алмасу бір жүйеге келтірілмеген», - деді Сәкен Қалқаманов.

Оның айтуынша, Фердоуси ауылын толықтай су басқан. Мырзакент ауылын да толықтау су басып қалмас үшін бөгет салынуда.

«Мақтаарал ауданында тағы су тасқыны болуы мүмкін деген жеті елдімекен анықталып, онда малды басқа жаққа айдалып жатыр. Ал, су басқан ауылдардан 3 115 сиыр, 1 101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Суға кеткен малдың саны әзірге белгісіз. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда. Өлген мал басын санау кейін жүргізіледі», дейді Сәкен Қалқаманов.


Соңғы жаңалықтар