Өмірзақ Шөкеев: Құс етінің импортынан құтылу керек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев солтүстікқазақстандық агрофирмалармен жиналыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасындағы негізгі өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өмірзақ Шөкеев бағдарламаны кәсіпкерлермен бірге жасағандарын атап өтті.

«Олар бұл бағдарламаны өз тәжірибелерінен өткерген. Мұны шенеуніктер кабинеттерінде жасаған жоқ. Біздің 150 тұқым шаруашылығымыз бар. Біздің міндетіміз 10 жылда 310-ға дейін жеткізу. Бұл іске асыруға болатын міндет деп есептеймін. Фермерлік шаруашылықтарды 20 мыңнан 100 мыңға дейін жеткізу керек. Бұл да іске асыруға болатын міндет», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Ағымдағы жылғы субсидияны алуға өтінім беру және оларға төлем жүргізу электронды түрде жүзеге асырылады, яғни субсидиялау процесі толық автоматтандырылған. 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 270 мың тоннаға өтінім берген. Мамыр айының ортасында 93 мың тонна тыңайтқыш немесе өтінім берілген көлемінен 21% аграршыларға жеткізілді.

Жиналыс барысында сүтті мал шаруашылығы мен шошқа шаруашылығы бойынша жаңа бағдарламалар ұсынылды.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы сүт өнімдерін импорттық алмастыруға бағытталған. Жалпы алғанда жылдық мөлшерлемесі 4% құрайтын 15 жылға дейінгі мерзімге дейін қаржыландыра отырып, сүтті-тауарлы және өнеркәсіптік фермаларды құру керек. Өндірілетін сүтке тауарлық субсидиялардың орнына, инвестициялау үшін субсидияларды және несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қолдау шаралары қарастырылады.

Шошқа шаруашылығын дамыту бағдарламасында Қытай мен Ресей Федерациясы нарығына ет өнімдерін экспорттауды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі экономикалық тұрғыдан перспективалық жобаларды қолдау және дамыту шеңберінде етті мал шаруашылығы, сүт өндірісі, қайта өңдеуші сала бойынша зәкірлі кооперация болатын облыстың бірқатар ірі өнеркәсіптік кешендерінің жұмысымен танысты.

Аталған шараларды іске асыру агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кем дегенде 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар