Өмірзақ Шөкеев көшет отырғызу науқанын бастап берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан маңында қалыптасқан «Жасыл белдеу» аумағын аралап, қыста егілген ағаштарды қарап шықты. Сондай-ақ орман алқабында бірнеше көшет егіп, көктемгі экологиялық науқанды бастап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала маңына егілген жасыл желектің аумағы 8 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр. Алдағы уакытта оның көлемін екі есе арттыру көзделген.

Түркістанның айналасында қазірде 1 миллионнан артық жапырақты, көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Биыл да өңірде шаған, терек, қайың, қарағаш, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылады.


Жалпы «Жасыл белдеу» жоспарының жартысына жуығы орындалған. Түркістан төңірегінде ағаш отырғызып, су жүйелерін тарту жұмыстары наурыз айында толық аяқталмақ. Қазірде ұңғымалар қазылып, көшет отырғызылған жерлер қоршалуда. Қаланың іші мен айналасын көгалдандыру жаңарған шаһардың құрылысындағы маңызды мәселелердің бірі. Күрт құбылмалы климатты өзгерту үшін жазық далада қолдан орман жасау жобасын жүзеге асырған Өмірзақ Шөкеев жасыл алқапты аралап, ауқымды жұмыс барысына көңілі толды.

«Жасыл алқап Түркістанның табиғи тынысына айналмақ. Соның арқасында ауа тазарып, қала шаң мен желді дауылдан қорғалады. Сонымен бірге, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналмақ. Өйткені жасыл белдеу аумағында су арналары мен жасанды көл пайда болады. Түрлі жан-жануар мен мен сан алуан құстар мекендейді», - деді облыс әкімі.


«Жасыл белдеудегі» тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін, тек өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру бойынша тәжірибелер жасалды. Бұл өз кезегінде кейбір қылқанжапырақты тұқымдас түрлерін Түркістан қаласының айналасындағы «Жасыл белдеуде» өсіру үшін бейімдеу мақсатында жүзеге аспақ.


Соңғы жаңалықтар