Өмірзақ Шөкеев Келес ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды тексерді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандарда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы алдымен Біртілек ауылдық округінде орналасқан «Абзал» және «Береке» шаруа қожалықтарында болды. Мұндағы диқандар көкөніс өнімдері, картоп, қырыққабат, пияз егумен айналысады. Шаруалар алдыңғы қатарлы технологияны қолдана отырып, бір жылда екі-үш рет өнім алу әдісін меңгерген. Биылдың өзінде аталған тәжірибе шеңберінде 29 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде, ауданның аграрлық әлеуетін артуда.

Сондай- ақ Түркістан облысының әкімі Абай ауылының орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған ауқымды құрылыс жобасының аясында 23 көшені толық жөндеу көзделген.

Өмірзақ Шөкеев жолдарды жөнге келтіру жұмыстарының талапқа сай, сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.


Бұдан бөлек, ол Абай ауылы аумағынан өтетін «Араншы – 1» су арнасын техникалық тазалаудан өткізу жұмыстарын да тексерді. Жеті шақырымға созылған су арнасы бітеліп, ағысы баяулаған. Жылдар бойы жергілікті халықты әбігерге салып келген мәселе шешімін тапқанына ел риза. Көктем, күз айларында су тасқыны қаупі төнсе, егістік мерзімінде шаруалар судан тарығып келген. Соның салдарынан 380 гектар суармалы жерге су жетпей, игерусіз қалып келеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, суармалы жүйелер іске қосылған соң Қошқарата ауылдық округіндегі егістік жерлердің аумағын 450 гектарға ұлғайту көзделген.

Облыс әкіміне сонымен қатар, республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы баяндалды. Жоспарға сәйкес жоба қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар