Өмірзақ Шөкеев қант мәселесін қалай шешті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің барлық облыстарының 10 мың тоннан астам қант сатып алуға  мүмкіндіктері бар. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қант мәселесі бойынша Ресей, Беларусь, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы қант өндірушілерімен министрлікте кездесу ұйымдастырдық. Оған біздің кондитерлік фабрикалардың, шырын өндіретін компаниялардың және әкімшіліктерден келген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері қатысты. Нәтижесінде, Еуразиялық экономикалық одақтағы қант өндірушілердің барлығы біздің талаптармен келісіп, қаншалықты сұраныс болса соны қамтамасыз етуге келісті. Бағасы Ресейдің қазіргі нарықтағы бағасынан жоғары болмайды. Яғни, 1 келісі - 35 рубль. Оның сыртында ресейлік және басқа да өңірлердегі қант өндірушілер біздің кондитерлік фабрикаларға бағаны төмендету үшін тендер ұйымдастыруды ұсынды. Біздің ойымызша, ұйымдасқан тендер болатын болса, онда баға біраз төмендеуі мүмкін», - деді министр.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта  қант тапшылығын болдырмау үшін қазірден бастап әкімдіктердің жанындағы тұрақтандыру қорларына аталған өнімді сатып алу қажеттігін баса айтты.

«Егер келешекте қанттың бағасы тұрақсызданатын болса, оған әкімдіктер төтеп беруге тұрақтандыру қорлары арқылы ықпал жасауға мүмкіндіктері болуы тиіс. Жалпы келісім бойынша облыстар 10878 тонна қант алуға мүмкіндіктері бар. Оның ішінде Ақмола облысы - 443, Ақтөбе облысы - 1500, Алматы облысы - 1200, Атырау облысы - 250, Батыс Қазақстан облысы - 283, Жамбыл облысы - 920, Қарағанды облысы - 407, Қостанай облысы - 519, Қызылорда облысы - 430, Маңғыстау облысы - 400, Павлодар облысы - 336, Солтүстік Қазақстан облысы - 436, Түркістан облысы - 1000, Шығыс Қазақстан облысы - 680, Астана қалсы - 574, Алматы қаласы 1500 тонна сатып алмақ. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мұндай көлемде қант алуға мүмкіндіктері, шоттарында тиісті қаражаты бар», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Осы ретте Бақытжан Сағынтаев  облыс әкімдеріне тұрақтандыру қорларына қанттың қажетті көлемін сатып алуды тапсырды.

«Өңірлердегі әріптестер, өздеріңіздің қорларыңызға қажетті деңгейде ақшаларыңызды бөліп, қанттың қажетті көлемін жинап алуларыңызды сұраймын. Ертеңгі  күні қант болмады деп шу көтеріліп кетпесін.  Қант жеткілікті, жұмыстың барлығы өздеріңізде», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар