Өмірзақ Шөкеев ірі шаруашылықтың жан-жағына шағын кәсіпті шоғырландыруды тапсырды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі сүт және сүт өнімдерін өндіретін ферма қуаттылығын арттырады. Бүгін «Айс» ЖШС жұмысымен танысқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ірі шаруашылықтардың айналасында шағын кәсіпкерлікті дамытуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбедегі сүт фермасы қуаттылығын арттырады. Тағы бір қора салынып, 240 бас ірі қара бағылады. Бұл сүт өндірісін 500 тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін жоба. Бұрын сүт зауытына 7 500 тонна өнім тапсырылған болатын.

«2011 жылы 900 сиыр сатып алынды. Сиыр Мажарстан мен Германиядан әкелінді. Қазір фермада тұрған ірі қараның бәрі Ақтөбеде өскен, өз жеріміздің тұқымы. Барлығы 860 бас ірі қара бар. Оның 720-сы сауынды. Өткен жылы әр сиырдан 8 800 келі сүт алынды. Сүт өз зауытымызда өңделіп, дайын өнім Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарына жеткізіліп жатыр. Бір бөлігі Ресейдің Орынбор облысына тасымалданады», - деді компания құрылтайшысы Марат Итеғұлов.

«Айс» ЖШС-ның аумағындағы асыл тұқымды сиырларға арналған жем-шөптің бәрі арнайы дайындалады. Сиырларға ұнтатылған жүгері де беріледі. Ал жыл сайын асыл тұқымды ірі қараның 150-200-і сатылады. Көбіне Оңтүстік Қазақстан сатып алады, ішінара Батыс Қазақстан облысының тұтынушылары да сұраныс береді.

«Өзге мал шаруашылықтарынан сұрағанда мал азығын жеке адамдар дайындайды деп айтады. Оңтүстікте бұл туралы мәселе болған емес. Ақша төлесеңіз, олар мал азығын әкеліп береді. Өнімнің өзіндің құнына әсер етеді деген нұсқаны зерттеп көру керек»,- деді Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев. Кейін ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жан-жағына шағын шаруашықтарды шоғырландыруды тапсырды. Қазіргі кезде «Айс» ЖШС жанында 40 шағын кәсіпкер бар.

«Бізде 250 бас сиыр бар. Сүтті «Айс» компаниясына тапсырамыз. Өткен жылы суармалы әдіспен жүгері өсіріп, оны да осы фермаға тапсырдық. Өткен жылы 100 гектарға егілді, биыл 1 мың гектарға жеткіземіз»,- деді «РарАгро» ЖШС-нің басшысы Мұрат Селенов.

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев техника, тұқыммен көмектесу туралы сұрап, ферма жұмысын әрі қарай кеңейтуді тапсырды. Айта кетейік, бұл компания Хромтау ауданынан «Milker» ЖШС ашып, 1 780 гектарға мал азығын егуді жоспарлап отыр. Жоба құны - 2,5 млрд теңге. Ал жобаның екінші кезеңінде тауарлы сүт фермасы салынады. 2020-2022 жылдарға арналған жоба құны - 6 миллиард теңге. Мұнда жылына 11 мыңнан астам сүт өндіріледі. 

Соңғы жаңалықтар