Өмірзақ Шөкеев фермелерге техниканы тиімді жолмен беру жолдарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев фермерлерді техникамен қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Ө. Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ні дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбында баяндама жасады. Бұл орайда бірнеше салалық бағдарламаларды қамту көзделіп отыр.  

«Келесі міндет - саланы техникалық жағынан күшейту. Бұл ретте лизинг бойынша пайыздық ставканы субсидиялау және инвестициялық субсидиялау арқылы іске асады. Қазір шаруалар лизингті 16-18 пайызбен алатын болса, бұл 7-8 пайызға дейін төмендетіледі. Сондықтан осындай қолдауды біртіндеп көбейтіп, 2022 жылға қарай кәсіпкерлердің техникаға салатын инвестициясын 273 млрд теңгеге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Осы шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасының паркі 5 жылда лайықты деңгейге жетеді. Бұл кейін техниканың жыл сайын 6 пайызын жаңартып отыруға мүмкіндік туғызады. Биылдан бастап инвестициялық субсидиялау 25 пайызды құрайды», - деді министр.

Бұдан бөлек Шөкеев салаға нақты егіншілік элементтері (егістіктердің электронды карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыш мониторингі) енгізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтар базасында осы технологияларды көбейту және оқыту ұйымдастырылатын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өмірзақ Шөкеев фермелердің тұқым алуға жұмсаған шығыстары өтелетінін мәлім етті. 

Соңғы жаңалықтар