Өмірзақ Шөкеев биылғы егін жинау науқанындағы негізгі мәселені атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Үкімет отырысында егін жинау науқанындағы негізгі мәселе туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикада дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні егін жинау жұмыстары Жамбыл және Түркістан облыстарында аяқталды. Осы өңірлер бойынша орташа түсімділік гектарына - 21 центнерді құрады. Жинау жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілуде. Көрсетілген облыстарда дәнді-дақылдар жиналатын алқап 3 млн гектарды құрайды. Оның 1,1 млн гектары жиналды. Гектарына 18,1 центнер орташа түсімділікпен 2 млн тонна астық бастырылды. Астықтың жалпы жиналымы 20 млн тонна болады деп болжануда. Бұл биылғы қуаңшылық жағдайда жаман көрсеткіш емес деп санаймыз», - дейді министр.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында, қырқүйек айының басында кіріседі.

«Әкімдіктердің деректері бойынша техникалар 100 пайызға дайын. Егін жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлді. Шілде айына бөлінген көлемді өңірлер негізінен толықтай алды. Тамыз айына арналған жанар-жағармай көлемі 110 мың тонна үшін ақы төленді. Алайда ресурс ұстаушылар тарапынан аталған көлемді тиеп, жөнелту мәселесі орын алып отыр. Осыған байланысты, Энергетика министрлігінен тамыз айының соңы, қыркүйек және қазан айларының көлемдерін уақтылы тиеп, жөнелтуді қамтамасыз етуді сұраймыз», - деді Шөкеев.

Министр дизель отыны бойынша бағаны қалыптастыруда проблемалар барын жасырмады.

«Арзандатылған жанар-жағармай бағасы нарық бағасынан төмен болғанымен, операторлардың қызметіне байланысты соңғы баға жоғары күйінде қалып отыр. Өңірлердің әкімдіктері өздерінің операторларымен бағаны төмендету турасында жұмыс жүргізуі қажет. Павлодар облысының әкімінің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Онда егін жинау жұмысына арналған арзандатылған жанар-жағармай, майды электронды бөлу және өткізу бойынша министрліктің жобасы пилоттық тәртіпте жүзеге асырылды. Көлемдері айқын, кезек тәртібімен танаптардың элекрондық картасына және егістіктердің ғарыштық мониторингіне байланысты бөлінуде. Аталған тәжірибені біз 2019 жылы егін себу басында барлық өңірлерге таратуды көздеп отырмыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар