Өмірзақ Шөкеев биылғы астықтың болжамды көлемін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елімізде 20 млн тонна дәнді дақыл жиналады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы дәнді дақылдар 15,0 млн гектар алқаптан жиналатын болады. Оның ішінде бидай - 11,1 млн гектар. Ал майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 400 мың гектарға артық. Республика бойынша 20,0 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде»,- деді ол.

Министрдің айтуынша, көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге, құрамажем және май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ағымдағы жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға «КазАгро» холдингі бюджеттік кредит қаражатынан 60 млрд теңге бағыттады. 3,2 млн гектардан астам алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді қолдау үшін 1985 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қаржыландырылды»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар