Өмірзақ Шөкеев Арыстағы құрылысты аяқтау бойынша тапсырма берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Арысты қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау бойынша аппараттық жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуға секторларға жауапты барлық облыс әкімдігінің өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысты.

Кездесуде облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов жарылыс болған қаладағы құрылыс-жөндеу жұмыстары жайында баяндама жасады.

Оның сөзінше, 7,8,9,10 және 11-ші секторларда жалпы зақымдалған 2975 үй бар. Бүгінгі күнге осы секторларда 94 мердігер компания, 180 техника және 2505 жұмысшы жұмылдырылған. Ал, Түркістан облысына тиесілі 7-ші секторда зақымдалған 478 үй орналасқан. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін жеке және көпқабатты тұрғын үйлерде жұмыстар аяқталды. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 100 үйдің бәрінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысына қарасты 8-ші секторда зақымдалған 537 үй бар болса, жөндеуді қажет ететін 5 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

«Нұр-Сұлтан қаласының 9-шы секторында 696 үй бар. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін 249 жеке және 31 көпқабатты үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 160 үйдің кірпішін қалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде сектордағы барлық үйлерді пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Шымкент қаласына тиесілі 10-секторда – 636 үй орналасқан. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін 10 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары бар. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 56 үйдің 4-і үйі пайдалануға тапсырылып, қалған үйлерде кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде»,-деді Ербол Ахметов.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының сөзінше, Батыс Қазақстан облысына тиесілі 11-секторда 627 үй бар. Бүгінгі күнге жөндеуді қажет ететін жеке және көпқабатты тұрғын үйлерде жұмыстар аяқталған. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 13 үйдің 4-і пайдалануға тапсырылып, қалған үйлердің бәрінде кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде барлық үйлерді пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Жиынды қорытқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық сектор жауаптыларына құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау қажеттігін нақты тапсырды.



Соңғы жаңалықтар