Өмірзақ Шөкеев ардагерлермен кездесіп, Түркістанды түлету жайын ақылдасты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір ардагерлерімен кездесті. Басқосу барысында ел бірлігі мен жастар тәрбиесі, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мен Түркістанды түлету мәселелері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы елдің рухани дамуы үшін алдыңғы толқын ағалардың үлесі мол екенін атап өтті.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары бойынша облыста нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мақалалары арқылы тереңге тамыр тартқан тарихымызды, ұлттық болмысымызды қадірлеу керектігін айтты. Сол ізгі қасиеттердің бірі - қазыналы қарттарды құрметтеу. Ал ақсақалдарымыз ұрпаққа өнегелі әңгімесін айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақыруы тиіс», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ұйымның негізгі мақсатына тоқталды.

«Ардагерлер ұйымының 168 мүшесі бар. 33 жылдық тарихын ауыз толтырып айтуға болады. Ардагерлер ұйымының мақсаты - ел татулығын ту етіп, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу. Ардагерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жәрдем беру. Сондай-ақ, сізге Түркістанды түлетуде, Түркістанды көркейтуде қажыр- қайрат тілейміз», - деді Жеңісбек Мәуленқұлов.

Кездесуде бірқатар ардагерлер Елбасы мақаласы жайында, өңір ахуалы хақында, сондай-ақ ұйым мүшелеріне қажетті ғимарат, көлік, қолдау жағын сөз етті. Өз кезегінде облыс әкімі барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Халқымызда «Ынтымақ - бұзылмайтын қорған, Қосылып еккен ағаш - орман» деген мақал бар. Яғни, әр істі келісіп істей білсек, ұрпақтар арасында сабақтастық үзілмесе, еліміз өркендейді. Кезінде Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды кемеңгерлеріміз елді ұлы мұрат жолында топтастырып, бәтуалы ойларын айтып, мемлекетке қызмет ете білген. Сіздерге ғимарат, көлік тұрғысынан тиісті қолдау көрсетіледі. Түркістанды түлету жолында біріге еңбек етеміз», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар