Өмірзақ Шөкеев әлемдік додаларда топ жарған спортшылармен кездесті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әлемдік және ел ішіндегі спорттық жарыстардың жеңімпаздарымен және олардың бапкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Түркістан облысының ғана емес, күллі қазақ елінің намысын қорғап, көк байрағымызды желбіретіп жүрген жас чемпиондар, бокстан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновқа, бокстан Әлем чемпионы Қайрат Ералиевке, жамбы атудан Әлем чемпионы Ералхан Айкөзге және самбодан бес дүркін Азия жеңімпазы Айжан Жылқыбаеваға сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ спортты дамытуда алда үлкен жоспарлардың бар екендігін атап өтті.

«Спорт саласына барынша қолдау көрсетеміз. Қазақ халқының даңқын асқақтатуда атқарып жүрген тынымсыз еңбектеріңізді өз басым жақсы білемін, түсінемін. Жастарды жаппай спортқа баулуды қолға алу керек. Бұл мақсатта өңірде Олимпиадалық резервтегі мектеп, стадион, теннис алаңы мен ипподром құрылысы қолға алынады. Қазақстан спортының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан жанашыр азаматтардың еңбектері орасан», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Өз кезегінде спорт шеберлері облыс әкімінің қолдауына ризашылықтарын білдіріп, Ақтөбе қаласында өткен ұлттық спорт түрлерінен сайысында жеңіп алған бас жүлде – Кубокты тарту етті. Биыл төртжылдықтың басты спорт додасы – Токио Олимпиадасына лицензиялық турнирлер өтетін жауапты жыл. 2020 жылы кезекті жазғы Олимпиада ойындарының алауы Жапония астанасында тұтанады. Осы ретте Өмірзақ Шөкеев түркістандық спортшыларға сол халықаралық турнирлерде сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар