Өмірлеріңе немқұрайлы қарамаңдар - Арыстанбек Мұхамедиұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жас спортшыларды өз өмірлеріне немқұрайлы қарамауға шақырды. Министр мұндай пікірді Алматыда өткен IV Жастар спорттық ойындары кезінде көз жұмған Дана Ахметоваға қатысты білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен әке ретінде, мәдениет және спорт министр ретінде көп ойландым және жас спортшыларға айтарым, сендер жассыңдар, жалыңдап тұрсыңдар,  алайда өз өмірлеріңе немқұрайлы қарамаңдар дегім келеді. Біз барлығымыз сендердің жетістіктеріңе қуанамыз, алайда ешкім ата-анасына баласын қайтарып бере алмайды. Осыны естеріңнен шығармаңдар», - деді министр Фейсбуктегі парақшасында.

Ол министр ретінде спорттық жарыстарда мұндай оқиғаларды болдырмас үшін ұйымдастырушыларға тиісті талап қоюға уәде етті.

«Жарыс кезінде адамға түсетін жүктеме мен қауіптерді назарға алу қажет. Біз үлкендер балаларымыздың өміріне немқұрайлы қарамауымыз керек» ,-  деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, дарынды жас спортшы Данамен қоштасу Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқушы елдімекенінде өтеді.

Сондай-ақ министр Дананың дарынды спортшы екендігін айта келе, оның маусым басталғалы бері Жастар ойындарының шосседегі  сайысында - күміс, тректегі сайыста - 2 қола медалін иемденгенін еске алды.

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысының 17 жастағы велосипедшісі Дана Ахметова 29 маусым күні Алматы қаласының №7 ауруханасында көз жұмды. Ол 23 маусым күні  IV Жастар спорттық ойындарында есінен танып құлаған.

Бұған дейін Дананың өліміне не себеп болғанын жазған болатынмыз.

Соңғы жаңалықтар