Өмірінде шашын кеспеген 87 жастағы әжейдің бұрымының ұзындығы екі метрге жуықтады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Ғұмырында шашын қиып көрмеген 87 жастағы Нұршаруан Түстікбаева Талдықорған қаласында тұрады. Әжейдің бұрымының ұзындығы 2 метрге жуық. Кейуана ҚазАқпарат тілшісіне шаштың күтімі мен киесі жайлы айтып берді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, шашы ұзын қыз-келіншектердің бойында жұмсақтық, мейірім, байыптылық, кешірім сияқты қасиеттер болады.

«Ғалымдар қазір ұзын шаштың қасиеті туралы айта бастады. Ал біздің ата-бабамыз оны баяғыда зерттеп, дәлелдеп қойған. Қыздарының шашын қимаған, бұрымдыларды ерекше құрмет тұтқан. Бұрын қазақ қыздары белінен асқан шашты кесуді жаман ырым санаған. Себебі, ұзын шашты орынсыз кесу адамның жолын кесіп, қасіретке ұшыратуы мүмкін. Ең алдымен, ұзын шаш - әйел көркі. Сондай-ақ шашы ұзын қыз-келіншектердің мінезі жұмсақ, мейрімді, жанашыр, сабырлы болады»,- дейді Нұршаруан Түстікбаева.

Кейуананың сөзінше, шашының ұзындығы бүгінде 2 метрге жуық.

«Шашымды тарқатсам жерге түседі. Екі метрге жуықтады. Шашты дұрыс күту керек. Біздің заманымызда қазіргідей нешетүрлі сусабын мен майлар болған жоқ. Десек те, қолда барды қолдандық. Шашымызды айранның сары суымен жуатынбыз, әлі де солай істеймін. Сосын жақсылап кептіріп, өріп, жинап тастаймын. Ешқашан шашымды жайып жүріп көрмеппін. Басымнан жаулығым түскен емес. Бүгін сіздер үшін шашымды тарқатып көрсетейін дәлел болсын»,- деп күлді Талдықорғандық әжей.

Бір әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналған кейуананың бүгінде 29 немере, 41 шөбересі бар. Көбі - қыз балалар.

«11 құрсақ көтердім. Олардан немере, шөберелерім бар. Қазір шөпшек күтіп отырмын. Келіндерім мен қыздарыма қыз баланың шашы ұзын болуы керек деп үнемі айтып отырам. Қазақ қызы бұрымды болу керек. Өйткені бұрым - сұлулық пен сыпайылықтың белгісі»,- дейді кейіпкеріміз.

87 жастағы әжейдің қимылы әлі де ширақ. Ағайын-туғанның жиынына жалғыз өзі барып келеді.

«Жасым 87-де болса да, ағайын-туғанның жиынына, дүкенге, шөберелерімнің мектептегі іс шараларына жалғыз өзім бара берем. Күш-қуатым бойымда. Бірінші Алланың, содан кейін балаларымның арқасы. Үйдегі күтімім өте жақсы. Арманым ұрпағым, қазағым тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүрсе екен. Қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек»,-дейді талдықорғандық әжей.


Соңғы жаңалықтар