Өмірімді жақсы жаққа өзгерткім келді - 56 жастағы студент

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Марат Нығыметов биыл Солтүстік Қазақстан облысы олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжін бітіреді. 56 жастағы ер адам 18-19 жастағы бозбалалармен бірге жаттықтырушы-оқытушы мамандығына оқып жатыр. ҚазАқпарат тілшісі егде студентті әңгімеге тартқан еді.

- Марат аға, елуден асқасын қайта партаға отырған қиын емес пе? Оқу туралы шешімге қалай келдіңіз?

- Жаңа нәрсені үйренуге, оқуға еш уақытта кеш емес, тек ынта болуы керек. Ал жалпы, 50 жасымда қоршаған ортаға көзқарасым өзгерді, құндылықтарды қайта бағалай бастадым. Өз өмірімді жақсы жаққа өзгерткім келді. Қазір мен осыдан 5-6 жыл бұрынғы Маратқа мүлдем ұқсамаймын.

Жақында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жекпе-жек жаттықтырушысы болуға шақырды. Бірақ мен әзірге ол жерде жұмыс істей алмаймын, өйткені, менің тиісті дипломым жоқ. Сондай-ақ өзіме оқудың да қолымнан келетінін дәлелдемекпін. Кезінде 8-класты бітіргеннен кейін Петропавлдағы теміржол техникумына түстім, бірақ соңғы курста тастап кеттім.


«Елуден асқаннан кейін оқу қиын емес пе» дейсіз. Мен ешқашан қиындықтан қашқан емеспін. Өмірдің қиындығын позитивпен қарсы алып, жеңуге тырысамын. Сондықтан аудиторияға кірдім де, мен сендермен оқимын, жасым 54-те дедім. Жастар жақсы қарсы алды. Әлі күнге дейін кей студенттер таңданысын жасыра алмайды. Жас мұғалімдер, Марат аға, сіздің бұл жерде ішіңіз пыспай ма деп сұрайды. Жоқ, ішім пысқан емес, маған бәрі ұнайды, барлық пәндер қызықты. Жастардың арасында өзіңізді ыңғайсыз сезінбейсіз бе деп те сұрайды. Мен кез-келген ұжымға тез сіңісіп кетемін.

- Отбасыңыз туралы айтсаңыз

- Целиноградта дүниеге келгенмін. Анам аурухана меңгерушісі болды, әкем – облыстық партия комитетінде насихат бөлімінің меңгерушісі болды. Бірақ әке-шешем айырлысып, 1970 жылы анам екеуіміз Петропавлға көшіп келдік. Содан осында тұрып жатырмын.

- Спорт колледжін таңдауыңызға не себеп?

- Менің өмірім спортпен тығыз байланысты. Үйіміз дәл стадионның қасында болды, Киров зауытының «Энергия» стадионы, қазіргі «Динамо», яғни менің спортқа қызықпауым мүмкін емес еді. Осылайша 6 жасымда спортқа келдім. Қандай түрімен айналыспадым десеңші, волейбол-баскетбол да ойнадым, доп теуіп, футболға да қатыстым. Бірақ уақыт өте келе жауынгерлік өнерге ден қойдым. Карате-додан қара белбеуім бар, бірінші дан иегерімін. «Годзю-рю-мейбукан» мектебінде тәрбиеленгенмін.

Бұдан басқа ағылшын боксын меңгергенмін. Хатка-йогамен айналысамын. Бір жыл бұрын гір спортымен әуестене бастадым. 16 келі гір тастарын бір қолмен көтеруден бастадым, қазір оны 24 келіге жеткіздім, осылайша 50 рет көтере аламын әр қолыммен. Бұл бір жылғы дайындықтың нәтижесі. Ал спорт шебері атану үшін 140 рет көтеру қажет, мен спорт шеберлігіне үміткер атанғым келеді.

- Демек, оқудан басқа уақытыңыздың барлығы спорт залында өтеді ғой?

- Иә, солай деуге де болады. Қазіргі уақытта кросс-фиттен ескек есуден Ресейдің Санкт-Петербор қаласында Ұлы Жеңіске арналған халықаралық кубокке қатысып жатырмын. Ол бір ай бойы онлайн өтеді. Барлығы 6 дистанция, мен оның үшеуін: 10 мың метрді, 500 метрді және 4 минутты өттім. Нәтижем жаман емес. Енді 30 минуттік, 1 минуттік және 2 мың метрлік қашықтықтар қалды. Осы ескек есу спортымен айналысқан бір айдың ішінде 16 келі салмақ тастадым. Спорттың бұл түріне ойламаған жерден келдім деуге болады. Бірде өтіп бара жатып, кросс-фит залына кірдім. Маған ондағы жұмыс сәті ұнады. Жаттығып жатқандардың ең жасы – 35-тен басталады. Арасында қыздар да бар. Жай жүрген ешкім жоқ, біресе зілтемірді көтереді, оны тастай салып, кеудені жерден көтереді, секіріп, белтемірге тартылады, сосын қайтадан бәрін басынан бастайды. Ең қиын, күшті қажет ететін спорт.

- Колледжде шәкіртақы аласыз ба?

- Екі жыл бойы шәкіртақы алып келдім. Биыл одан қағылдым, өйткені, сабақты босаттым. Көп уақытым спортқа кетеді, содан кейін тағы бір- әлеуметтік, экологиялық екі жобам бар. Уақытым жетпей жатады.

- Диплом алғаннан кейінгі жоспарыңыз?

- Бұл оқуды бітіргеннен кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне құжаттарымды тапсырамын. Шәкірт тәрбиесіне бет бұруым мүмкін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар