Омбыдан Астанаға Кенесары хан туралы құжаттар жеткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанаға алғаш рет Омбы облысының Тарихи архивінен Кенесары ханға қатысты құжаттар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл құжаттар осы күйінде алғаш рет көрсетіліп отыр, себебі олардың басым бөлігі айрықша құнды мәртебесіне ие болған еді. Кеңестік кезеңде бұл құжаттар зерттеушілердің қолына тие бермейтін. Қазіргі кезде көрмеде көрсетілген тұлғалар жайындағы мәліметтер қазақ халқы тарихы үшін маңызды екенін түсіне отырып, енді құжаттар зерттеушілер үшін ашылуда. Біздің архивте Кенесары хан туралы бар мәліметтердің бір бөлігін сканерден өткіздік. Құжаттар аз емес, себебі оның қолбасшылығымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрес ұзақ уақытқа жалғасты. Біз осы деректерден ең қызықтыларын іріктеп алдық»,-деді Омбы облысы Тарихи архивіндегі Азаматтық соғысты зерттеу орталығының жетекшісі Галина Бородина.

Оның сөзіне қарағанда, архивте казак отрядтарымен қақтығыстар туралы ақпараттар сақталуда. Белгілі болғандай, аталған құжаттардың көшірмелері зерттеушілерге қолжетімді болу үшін Астана қаласының мемлекеттік мұрағатына тапсырылады.

Жалпы, Астанаға әрқайсысы 10-15 парақты қамтитын 40 құжат жеткізілді. Онда Омбы және Ақмола облыстарының тарихы жайында құнды мәліметтер жинақталған. Омбы облысы архивінде жалпы екі миллионнан астам материал сақтаулы.

Сонымен қатар көрмеде Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным Ханым туралы құжаттар бар.  Бұдан бөлек, 19 ғасырдағы Ақмола облысының картасы мен өзге де құнды мәліметтерді қамтитын материалдар көпшілік назарына ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар