Омбудсмен ЕҚЫҰ-дан азаптауды тергеуге техникалық көмек сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астанадағы ЕҚЫҰ-ның бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат уәкілге сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар омбудсмен институтының ЕҚЫҰ миссиясымен ынтымақтастық форматын айқындады, алдағы бірлескен жобалардың негізгі аспектілерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық құқық қорғаушы күн тәртібінің бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.

Ластаев халықаралық дипломатты Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы жағдай туралы хабардар етті. Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа аясында Омбудсменнің құқықтық жағдайымен, оның жаңа өкілеттіктерімен, сондай-ақ уәкілдің өңірлік өкілдерінің тармақталған желісінің қызметін ұйымдастырумен таныстырды.

Әңгіме барысында Омбудсмен доктор Фробарттан азаптауды тергеуде және мемлекеттің бейбіт жиналыстарды кәсіби реттеуі саласында техникалық көмек көрсету бөлігінде сараптамалық қолдау сұрады.

Сондай-ақ қоғамнан уақытша оқшаулау орындарында адам құқықтарының бұзылуының алдын алу бойынша қабылданып жатқан жоғары технологиялық шешімдерге назар аударылды.

«Бүгінгі таңда барлық жабық типтегі мекемелер үздіксіз бейнебақылаумен жабдықталған, әкімшілік қызметкерлерінің қатысуысыз қадағалау органдарына өтініш беру үшін 243 терминал жұмыс істейді. Сотталған азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді кезең-кезеңімен ұсыну жоспарлануда», - деп, атап өтті Артур Ластаев.

Өз кезегінде, доктор Фробарт Астанадағы ЕҚЫҰ-ның кеңсесі омбудсмен институтына уәкілдің өңірлік өкілдерінің әлеуетін дамытуға және нығайтуға жәрдемдесуді қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша қолдау көрсетуге ниетті екенін айтты.

Соңында тараптар өзара сыйластық пен ұзақ мерзімділік қағидаттарына негізделген сенімгерлік әріптестікті одан әрі дамытуға толық ықпал етуге уағдаласты.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар