Омбудсмен балаларды 6 жастан мектепке қабылдауға қатысты министрге үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудың жаңа тәртібінің енгізілуіне байланысты үндеу хат жолдады. Бұл жөнінде омбудсменнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қоғамда резонанс туғызған 1 қаңтардан бастап балаларды орта мектептің бірінші сыныбына 6 жастан бастап қабылдау тәртібінің енгізілуіне байланысты үндеу жолдады.

Үндеуде әлемнің көптеген елдерінде балалардың бастауыш білім алуы алты жастан басталатын халықаралық тәжірибе атап көрсетілген. Бұл осындай практикаға көшу заңдылығын растайды.

Алайда, омбудсменнің пікірінше, аталмыш жаңалықты жүзеге асыру маңызды пайымдауды талап етеді, соның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, оны орындамау айыппұлдан әкімшілік қамауға дейінгі жазаға әкеп соғады.

Көпшілік үшін бұл жаңалық күтпеген жағдай екенін атап өту қажет. Өйткені жаңа норманың күшіне енуі 2016 жылдың сәуір айында заң жүзінде қарастырылғанына қарамастан, қажетті ақпараттық-дайындық және тәжірибелік сүйемелдеу жүргізілмеген.

Жоғарыда аталған 6 жасар балалардың ата-аналарының едәуір бөлігі бұл жастағы бүлдіршін тиісті дайындықсыз оқу жүктемесіне психологиялық және физиологиялық тұрғыда дайын емес деп санайды.

«Білім туралы» ҚР Заңының 30-бабы бес жастан бастап балаларға міндетті мектепалды даярлық түрінде мектепке дейінгі оқытуды белгілейді, ол отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылуы тиіс. Аталған мемлекеттік білім беру ұйымдарында мектепалды даярлық тегін жүргізіледі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы басшылығының растауынша, жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда мектепалды даярлықты ұйымдастыруға қатысты проблемалар болжанбаған. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мектептердің көпшілігінде 5 жастан бастап балалардың дайындығы дұрыс ұйымдастырылмаған. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етпейтін 6 жасқа толған кезде балабақшалардан мәжбүрлеп босату жағдайлары кеңінен таралған.

Осыған байланысты 20 маусымдағы БҒМ басшылығының «мектепке дейінгі ұйымда немесе мектептердің мектепалды сыныптарында мектепке дейінгі дайындық үшін жағдай болмаған кезде бала отбасы жағдайында мектепке дейінгі даярлық түрінде оқытудан өтуі тиіс» деген мәлімдемесінен соң осындай отбасылар күрделі мәселемен бетпе-бет келді.

Аталмыш мәлімдемеде бірінші кезекте аз қамтылған отбасылар мен ауылдық жерлердің балалары өзіне назар аударуда. Белгілі себептермен жоғарыда көрсетілген дайындықты қамтамасыз ету тым күрделі болар.

Жалпы білім беретін мектептердің толып кетуі үндеу хаттағы басқа маңызды проблема болып көрсетілді.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, бірінші сынып оқушыларының жыл сайын тұрақты өсімі байқалады. Мәселен, 2017-2018 және 2018-2019 жылдардағы бірінші сыныпқа тиісінше 358571 және 389897 оқушы қабылданды. Жаңалыққа байланысты алдағы оқу жылында бірінші сынып оқушыларының саны айтарлықтай көбеюі мүмкін, себебі 2012 және 2013 жылдары 768409 бала дүниеге келген еді.

Өткен оқу жылында білім беру объектілеріне қойылатын нормативтік санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылып, сыныптардың толымдылығы 25 оқушыдан асты.

25 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті ведомство басшысына үш ауысымда оқытуды жою жұмысын аяқтауды міндеттеді. Алайда, бірінші сыныптардағы оқушылар санының ұлғаюына байланысты үш ауысымда оқытатын мектептер саны өсуі мүмкін.

Өзінің үндеу хатын қорытындылай келе омбудсмен уәкілетті органға жалпы жағымды бастаманы іске асыру кезінде жағымсыз салдарды болдырмауға көмектесе алатын шараларды қабылдау мақсатында қалыптасып жатқан жағдайды жан-жақты талдауды ұсынды. Аталмыш мәселе ол бойынша оңтайлы шешімді әзірлеу үшін БҒМ Қоғамдық кеңес шеңберінде өтетін талдау пәні болар еді.

Соңғы жаңалықтар