Омархан Өксікбаев: Ел экономикасының үштен бір бөлігі - көлеңкелі экономика
2020 жылғы 1 қыркүйек 14:41

Омархан Өксікбаев: Ел экономикасының үштен бір бөлігі - көлеңкелі экономика

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлеңкелі экономика мәселесін шешіп алсақ, ашықтық арқылы экономикамыздың даму үрдісін көрер едік. ҚР Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы экономикамызда көлеңкелі экономиканың үлесі үлкен екенін айтып өтті. Ол экономикамыздың үштен бірі - көлеңкелі экономика екеніне, оның қауіп-қатеріне және сыбайлас жемқорлыққа әкеп отырғанына баса назар аударды. Ол құқық қорғау органдарының басты жұмысы - көлеңкелі экономикамен күрес болуы керектігін айтты. Бұл - өте дұрыс тапсырма. Осы мәселені шешіп алсақ, ашықтық арқылы экономикамыздың даму үрдісін көрер едік», - дейді ҚР Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев.

Ол Мемлекет басшысының теңгені бір қалыпқа келтіру мәселесін қозғағанына тоқталып өтті.

«Теңгенің тұрақсыздығы бизнестік инвестиция жасауға ұмтылыстың жоқтығына, шетелдік инвесторлардың сенімсіздік танытуына әкеліп отырғаны белгілі. Осы мәселенің бәрін дер кезінде шеше алсақ, бұл ертеңгі күні теңгеміздің тұрақтануына және инвестициялық климаттың қалыпқа келуіне септігін тигізер еді. Сондай-ақ, елімізде заң аясында қырыққа жуық салық пен түсімдер бар екені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оны оңтайландырып, нақтылап, экономикаға жұмыс істейтін және бюджетке өз мұқтажын шешетін жағдай туғызу көзделіп отыр», - дейді ол.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT