ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда VIII сайланған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сессия алдында қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шәріпова жиналғандарды сайлау қорытындысымен таныстырып, депутаттарды сайлануларымен құттықтап, депутаттық куәлік пен төсбелгіні табыс етті.
Сессия жұмысына қала әкімі Марат Жүндібаев, мемлекеттік органдардың басшылары – бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, Қостанай полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Жүсіпов, Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Біржан Үсембаев, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер - Қостанай қалалық мәслихатының төрағасын сайлау, Қостанай қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, олардың құрамын және Қостанай қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағаларын сайлау.
Бірмандатты №2 аумақтық сайлау округі бойынша «АМANAT» партиясынан депутат Байғабулов Омарғали Қабиұлы көпшілік дауыспен Қостанай қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды.