Омар Абдель Салам: Бейбарыс сұлтанның соғыста қолданатын ерекше әдістерін әлі де зерттеу керек

None
КАИР. ҚазАқпарат – Бейбарыс сұлтанның соғыста қолданатын ерекше әдістерін зерттей түсу керек. Бүгін Мысыр астанасы Каир қаласында Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылуында тарихшы Омар Абдель Салам осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таяу Шығыс елінің тарихшысы жалпы ислам өркениеті, ислам тарихы туралы 150-ге тарта кітап жазған.

«Еңбектерімнің негізгі тақырыбы ислам әлемі жайлы. Соның ішінде апат алдында тұрған күллі мұсылман әлемін күйреуден құтқарған мәмлүктер жайлы да зерттеулерім бар. Жалпы мәмлүктер ислам дінінің дамуына тың серпін берсе, ондағы негізгі жетістік Сұлтан Бейбарыс тұсында болды деп айтуға болады. Сондай кітаптың бірінде Сұлтан Бейбарыстың Таяу-Шығыстағы әрекеттері мен ислам әлемінде орны туралы баяндалады. Сұлтан Бейбарыс бүгін қайта ашылып жатқан әз-Захир мешітін салуға ықпал еткен күллі ислам өркениетіндегі ірі тұлға. Оның, жалпы мәмлүктердің Ливан жерінде қалған, сақталған мұрасы мол. Сұлтанның бүкіл әрекеті мұсылман елдерін кресшілер мен басқа да басқыншылардан қорғап, ислам дінін өркендетуге бағытталған», – деді ғалым журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Мысыр билеушісі басқыншыларға қарсы соғыста ерекше тактика қолданып отырған. Тіпті Бейбарыс сұлтанның басқыншылармен бетпе-бет соғысқа түспей, жаудың осал тұсын дәл тауып, соққы жасайтын ерекше әдістері болған.

«Сұлтан Бейбарыс Мысырдағы жасырын жолдарды жақсы білген. Мәселен, Мысыр жерін крестшілерден азат еткенде сол жасырын жолдарды пайдаланған. Олардың бекіністерін бұзып кіріп, тікелей шабуылға көшкеннен гөрі жергілікті жердің ыңғайына жүгінген. Ол бірнеше шайқасты солай жеңген болатын. Осы әдіс айлаларының бәрін зерттеу керек», – деді Омар Абдель Салам.

Еске сала кетейік, Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығы аясында бүгін Мысыр елінің астанасы Каир қаласында реставрациядан кейінгі мешіт ашылды. Бұдан бөлек, Каирдегі әл-Азһар университетінің академиясында халықаралық конференция өткен болатын. Мерейтой жылы аясында баба рухын ұлықтайтын іс-шаралар әлі де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар