Олжас Сүлейменов ОҚО жастары мен зиялы қауым өкілдерімен кездеспек

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақын, қоғам қайраткері  Олжас Сүлейменов  және Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовпен кездесті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесу барысында облыс әкімі аймақтың экономикалық жағдайын, мәдениет, руханият саласындағы атқарылған жұмыстарды сөз етті.

«Сіздің еліміздің руханият саласына сіңірген еселі еңбегіңіз бен  шығармашылығыңыз  болашақ зиялы қауым мен бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Елбасы сіздің ерен еңбегіңізді ерекше бағалап, 80 жылдық мерейтойыңызда «Қазақстанның Еңбек Ері» алтын жұлдызымен  марапаттағанын білеміз. Бұл сізге көрсетілген лайықты құрмет пен баға деп білемін. Сіз қазақ зиялыларының көшін бастап отырған тұлғаларымыздың бірісіз. Сондықтан сіздің Оңтүстікке ат басын бұруыңызға ерекше қуаныштымын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде ақын Олжас Сүлейменов облыс әкімінің ыстық ілтипатына алғыс білдірді. Сондай-ақ еліміздегі мәдениетке қолдау білдіріп, әдебиетті дамыту, татулық пен азаматтық келісімді нығайту мақсатында қоғамдық жұмыстардың маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті. 

«Оңтүстік мен үшін орны ерекше өлке. Мұндағы халықтың ыстық ықыласы жан жадыратады. Жері шұрайлы, елі шырайлы өлкенің даму қарқыны бәсеңдемей, өркендей түсетініне кәміл сенімдімін. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін», - деді ақын.

Олжас Сүлейменов оңтүстікке жасаған сапары барасында облыс жастарымен жүздесіп, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар