Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысының жиналысын өткізбекші

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысының Халықаралық конференциясын өткзуді жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі жылы ақпан айында біз конференцияны өткіземіз. Аталған шара «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдығына арналады. Оған Жапония, АҚШ және тағы басқа елдерді шақырамыз. Сол жерде ядролық қарусыздандыру саласындағы қоғамдық ұйымдардың рөлін талқылайтын боламыз», - деді О.Сүлейменов Астанада өткен конференцияда.

Оның айтуынша, «Невада-Семей» қозғалысы құрылған жылдары қоғамдық ұйымдардың белсенділігі жоғары болған. Қазақстандық ұйымның бастамасымен ядролық қаруға қарсы Жаһандық альянс та құрылған еді. Оған осы саладағы барлық бірлестіктер кірді. Сол кезде жұмыс бағдарламасы әзірленіп, қоғамдық ұйымдардың қызметі бойынша нақты жобалар да ұсынылды. Соның бірі - парламентаралық референдум.

«Біз «Жер-жаһанда өмірді сақтап қалу үшін ядролық қарудың қажеті бар ма?» деген нақты бір сұрақты ғана күн тәртібіне енгізуді көздедік. Барлық парламенттер осы сұраққа «иә» немесе «жоқ» деген нақты жауап беруге тиісті. Сонда КСРО-ның Жоғарғы кеңесі бірінші болып «жоқ» деген жауап береміз деді. Артынан АҚШ Конгресі де солай істейді деген жоспар болды. Арадағы байланысымыз да жақсы болды. Рейган да қолдады. Сонда біздің «Әлемнің барлық сайлаушылары ядролық қаруға қарсы!» деген ұранымыз өз нәтижесін беретін еді. Бірақ Кеңестер Одағы ыдырады. Өкінішке қарай, Жаһандық альянс та өз жұмысын тоқтатты», - деп атап көрсетті О.Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазақстан мен Жапонияның ядролық қарусыздандыру саласындағы ынтымақтастығы: Бір тағдыр, жалпы мақсат» тақырыбында xалықаралық конференция өтті. Шараның ұйымдастырушылары - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, сондай-ақ, Гои бейбітшілік қоры. Конференцияда ядролық қарусыздандыру саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Сол жерде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов кеңестер кезінде әскердің ядролық соғысқа қалай дайындалғанын айтып берді.

Ал Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи қазіргі ядролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар