Олжас Сүлейменов қызметке тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшысы қызметіне ақын Олжас Сүлейменов тағайындалды. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін ерекше ықыласпен «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» ғылыми ұйымның ұжымына жаңа басшыны таныстырдым. Ол адам - әлемдік деңгейдегі ірі де құрметті тұлға Олжас Омарұлы Сүлейменов. 2013 жылы Олжас Омарұлы Сүлейменов өте маңызды қадам жасап, ЮНЕСКО мінбесінен мәдениеттерді жақындастыру онжылдығын жариялау туралы ой тастады. ЮНЕСКО бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында арнайы бағдарлама қабылданды. Ал Бас конференцияның 38-сессиясы аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЮНЕСКО штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде Алматыда Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығын құру идеясын ұсынды», - деп жазады министр.

Сонымен қатар ол 2016 жылы белгілі археолог, академик Карл Байпақовпен бірлесе құрылған «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейін басқаруға келіскені үшін Олжас Сүлейменовке алғысын білдірген.  

«Өкінішке қарай, осыған дейін Қазақстанда мәдениет саласында халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірде-бір ұйым болмап еді. Үш жылдан аз мерзімде Елбасының қолдауы, Карл Молдахметұлының әлемдегі беделі және тарихымызды қайта жаңғырту жолындағы әрекеттеріміздің арқасында халықаралық маңызы бар бірнеше ірі конференция өткіздік. Ең бастысы - біздің Мәдениеттерді жақындастыру орталығына ЮНЕСКО-ның екінші санат беруіне қол жеткіздік. Бұл - жоғары жетістік, достарым, себебі кейбір жылдар бойы ғылыми жұмыспен айналысқан ұйымдар соған қарамастан осы дәрежеге жете алмай жатады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, орталық жұмысы тарихи-мәдени мұраларды іздеп табуға, оларды жинақтау, сақтау және насихаттауға, сондай-ақ ғылыми-ағарту жұмыстарын, зерттеулерді жүргізуге бағытталған.

«Орталық кеңес дәуірі кезінде «Республикалық кітап музейі» болған көне және бірегей ғимаратта орналасқан. Жақында оны қайта жөндеуден өткізіп, заманауи технологияларға сәйкес жабдықтадық, еліміздің Тәуелсіздік кезеңінде қомақты шаруа атқарылды. Олжас Омарұлымен кабинетіне бірге барып, жұмыс орнының көңілінен шыққанын көріп, қуандым», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар