Олжас Сүлейменов ҚР Үкіметіне аңшылыққа тыйым салатын заң қабылдауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олжас Сүлейменов қазақ даласында жан-жануарлардың азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің Франция секциясында өткен кездесуде Олжас Сүлейменов қазақ даласынан аң-құстарды кезіктірмейтінін, адам мен табиғат арасындағы теңгерімнің жоқтығын баса айтты және аңшылыққа уақытша тыйым салуды ұсынды.

«Жақында аңшылармен жиналыс өткіздік. Сонда маған Чехияның ұнайтынын айттым. Несімен ұнайды? Чехияның көлдерінде жабайы үйректер мен аққулар жүзіп жүреді. Өзендерінде балық көп, бір тілім нан лақтырсаң, судың беті бұрқылдап кетеді. Жолдарымен жүргенде емін-еркін жайылып жүрген бұғыны көруге болады. Яғни, жан-жануарлар адамдармен тең дәрежеде тіршілік етуде. - деп атап өтті Олжас Сүлейменов. - Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай теңгерім бар деп айта алмаймын. Біздің өзен-көлдерден аққу-қаз көрген жан бар ма? Қаз көрсек, қаруға жүгіреміз, үйрек көрсек, атып алғанша асығамыз. Киіктердің көзін жойып біттік. Табиғатты аяусыз қырып-жою адамның өзіне, мәдениетіне және болашағына кері әсер тигізеді. Осыны дер кезінде түсінуіміз керек және Үкімет жануарлар әлемінің көбеюі үшін аңшылықты уақытша тоқтату туралы заңдар қабылдауы қажет».

Қоғам қайраткері ел аумағындағы аң-құс санын көбейту қажеттігін және балаларды қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеу керектігін жеткізді.

«Әлгі жиналыста аңшылар одағының басшысы сөз сөйледі, «Олжас Омарұлы, сіз етті жақсы көрмейтін шығарсыз» деді. «Мен етті жақсы көремін, бірақ ет үшін қолға қару алмаймын, дүкенге барамын» деп жауап бердім. Біз кең байтақ даламызға, ормандарымызға жан бітіру үшін жұмыс істеуіміз керек, аң-құс болмаса, жеріміз шөл далаға айналады. Балалардың да санасына қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті сіңіру қажет», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Франция секциясында Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовпен кездесу ұйымдастырылды . Кездесу барысында Олжас Сүлейменов жеті залдан тұратын Франция павильонын аралап көрді, ЮНЕСКО-ның жұмысы, экологиялық мәселелер және табиғатты қорғау туралы әңгімеледі және 1973 жылы Семей ядролық полигонына қарсылық ретінде жазған «Дикое поле» өлеңін оқып берді.

 

Соңғы жаңалықтар