Олжас Сүлейменов қазақстандықтарға 18 миллион ағаш отырғызуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олжас Сүлейменов қазақстандықтарға 18 миллион ағаш отырғызуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы қоғам қайраткері ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Франция секциясында өткен кездесуде айтты.

«Мен жетекшілік ететін Экологиялық альянс өте жақсы бастама көтерді. Келер жылы Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетеді. Соның құрметіне Қазақстан аумағына 18 миллион көшет отырғызайық, елімізді көгалдандырайық. Ұсынысқа қолдау табылып, ағаш отырғызу науқаны басталып та кетті. Мен де мүмкіндік болған кездері түрлі облыстарға арнайы барып, ағаш отырғызу рәсіміне қатысып жүрмін», - деп атап өткен Олжас Сүлейменов ағаш санын көбейтудің тиімді жолдарын да айтып берді.

«Бірден 18 миллион түп ағаш отырғызу күрделі шығар. Бірақ, маған мектеп директоры болып жұмыс істеген зейнеткер өте жақсы мысал айтып берді. Ол мектебіндегі барлық бірінші сынып оқушыларына ағаш отырғызуды міндеттеген және 10 жыл бойы өз ағашын күтіп-баптауды тапсырған. Бір мектепте қаншама оқушы білім алады. Осылайша, мектеп оқушылары он жыл ішінде тұтас ауылды көгалдандырып шыққан. Міне, өз елінің нағыз азаматтары осылар», - деді Олжас Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Франция секциясында Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовпен кездесу ұйымдастырылды . Кездесу барысында Олжас Сүлейменов жеті залдан тұратын Франция павильонын аралап көрді, ЮНЕСКО-ның жұмысы, экологиялық және табиғатты қорғау мәселелері жөнінде әңгімеледі, сондай-ақ 1973 жылы Семей ядролық полигонына қарсылық ретінде жазған «Дикое поле» өлеңін оқып берді.

 

Соңғы жаңалықтар