Олжас Құдайбергенов: Банк жүйесі ашықтығының бес драйвері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Стратегиялық бастамалар орталығының Аға серіктесі Олжас Құдайбергеновтің бұған дейінгі мақаласында банк жүйесінің эволюциясы, оның тәуекелдері, банктерге деген сенімсіздік көздері мен салдары сипатталды. Сарапшының пікірінше, жалпы алғанда, «күңгірттіктің» құны $26,5 млрд құрады – оларды сақтау үшін банктерге сонша ақша жұмсалған. «Сонымен қатар, бұрынғы қателерді қайталамау үшін алдағы уақытта барлығын басқаша жасау әлі де мүмкін», дейді ол. «ҚазАқпарат» ХАА сарапшының келесі зерттеу мақаласын оқырманға ұсынады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банк жүйесінің ашықтығын арттырудың бес басты драйвері бар:

1. Нарықтағы жоғары және салауатты бәсекелестік

2. Орталық банк тарапынан тәуелсіз қадағалау

3. Қаржы технологияларын дамыту

4. Банктердің корпоративтік басқаруын жақсарту

5. Халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі.

Келесі тарауларда біз барлық тармақты жан-жақты таратып көрсетеміз, бірақ қазақстандық жағдайда тағы бір драйвер керек, ол – валютада кредит беруге тыйым салу шарты, олай етпесе нашар кредиттердің пайда болу мүмкіндігі, оларды жасыру фактілері және т. б. жағдайлар орын алады. Банктердің тұрақтылығына, негізінен, берілген кредиттердің сапасы (қайтарылуы) әсер етеді. Егер кредит шетел валютасымен берілсе, жоғарыда көрсетілген бес драйвер болғанның өзінде де, валюталық несие нашарлайды. Әрине, валюталық несиені экспорттаушылар алатын жағдайлар бар, бірақ көбінесе олар несиеге мұқтаж емес.

Драйверлерді сипаттауға көшпес бұрын, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің қорытындысы бойынша 2018-2019 жылдары Қазақстан 141 елдің ішінде 55-ші орынды, ал қаржы жүйесінің бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша тек 104–ші орынды, оның ішінде банктердің тұрақтылығы бойынша – 121-ші орынды иеленгенін еске салып өткім келеді. Соңғы көрсеткіш кәсіпкерлер мен компаниялардың топ-менеджментінің сауалнамасының нәтижелері бойынша қалыптасады. Бұл бизнестің отандық банктерге деген сенім деңгейінің төмендігін көрсетеді. Гонконг, АҚШ, Финляндия, Сингапур, Ұлыбритания қаржы саласындағы жаһандық көшбасшылар болып қалып отыр. Егер динамиканы қадағалайтын болсақ, Қазақстандағы банк секторы стагнацияға ұшырап отыр және қандай да бір батыл іс-әрекетсіз жағдайды өзгерту екіталай.

Нарықтағы жоғары және салауатты бәсекелестік

Бәсекелестік нарықтың тиімділігін арттыратыны, оның қатысушыларын бизнес-модельдерді жетілдіруге, инновациялық шешімдерді қолдануға және тұтынушылардың сұраныстарын толық қанағаттандыруға ынталандыратыны баршаға түсінікті.

Банк секторы жағдайында бәсекелестікті үш жазықтықта қарастыруға болады:

1. Банктер мен қор нарығы арасындағы бәсекелестік.

Қазақстанда 32% үлесі бар банктік кредиттер, қор нарығының 1% үлесіне қарсы, кәсіпкерлерді қаржыландырудың негізгі көзі болып табылады (меншікті қаражат – 38%, шетелдік инвестициялар мен кредиттер – 29%). Шын мәнінде, қор нарығы «сұлықсыз», бірақ екінші жағынан, капитал иелері инвестициялау объектілерін қор биржасыз-ақ табады. Бұл нарық сыйымдылығын біршама тарылтады, бірақ әзірге өз қаражаты есебінен қаржыландыруды кредит беру көлемімен шамалас деуге болады. Әрине, заң жұмыс істеген кезде қор биржасы арқылы қаржыландыруды тарту нұсқасы танымал болады.

2. Қазақстандық банктер арасындағы бәсекелестік.

Қазіргі уақытта қазақстандық банктерді қаржыландырудың негізгі көзі клиенттердің салымдары болып отыр, олардың банктердің міндеттемелеріндегі үлесі 2009 жылғы 44%-дан 2019 жылы 75%-ға дейін өсті. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған 28 банктің бесеуі клиенттер салымдарының 66%-ына ие болып отыр. Қазақстандық банк секторы олигополияға бейім екені анық.

Олигополияны ойыншылардың көп санының бәсекелестігінен нашар деп айтуға болмайды, оның үстіне, қазақстандық жағдайда ірі банктер клиент үшін өте тиімді күресуі мүмкін, бұл жағдайда бәсекелестік тіпті банктердің тұрақтылығына зиян келтіруі ықтимал. Тұтастай алғанда, аффилиирлену болмаған кезде олигополия ірі банктердің салыстырмалы түрде күшті және тиімді, сондай-ақ Орталық банкке оларды бақылау оңай дегенді білдіреді. Бірақ, әрине, олигополия кезінде жүйелік күйреу және бизнес-модельдердің ескіруі тәуекелдері артады.

3. Қазақстандық банктер мен шетелдік банктердің Қазақстандағы еншілес ұйымдары арасындағы бәсекелестік.

Қазақстанда шетелдік қатысуы бар 14 банк, оның ішінде 12 еншілес банк жұмыс істейді. Клиенттердің жиынтық салымдарындағы олардың үлесі соңғы 3 жылда 15%-дан 20%-ға дейін өсті. Оның ішінде ресейлік банктердің үлесі 12% құрайды, оның ішінде Сбербанк АҚ ЕБ – 9%, ал қытайлық – 4%. Бұл шетелдік банктерге деген сенімнің біртіндеп өскенін көрсетеді.

Шетелдік банктердің қазақстандық нарыққа кіруіне басты кедергілер мыналар: банк лицензиясын алу, бас компания активтерінің мөлшері бойынша шегі және валюталық тәуекелдер. Алайда, 2021 жылы қаржы секторындағы Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) ережелерінің Қазақстанда күшіне енуі бойынша 5 жылдық өтпелі кезеңнің аяқталуы күтілуде. Нәтижесінде, «ата-аналық» банктердің кемінде 20 млрд АҚШ доллары мөлшерінде активтері болған жағдайда, халықтан тартылатын депозиттердің ең аз мөлшері бойынша шектей отырып, шетелдік банктер мен сақтандыру ұйымдары тікелей филиалдарды құруға рұқсат алады. Қаржы қызметтері нарығына қол жеткізуді осындай либерализациялауы бәсекелестіктің күшеюіне, тиісінше қаржы қызметтері сапасының стандарттарын арттыруға әкелуі мүмкін.

Орталық банк тарапынан тәуелсіз қадағалау

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Ұлттық Банкі халық тарапынан көп наразылық алды, бұл оған деген сенімге айтарлықтай әсер етті. Дамыған елдерде әлеуметтік сауалнамаға сәйкес халықтың жартысына жуығы қаржы реттегішінің жұмысына сенім немесе қанағаттанушылық білдіреді (Ұлыбританияда – 42%, орташа Еуроодақ бойынша – 42%, Жапонияда – 44%, АҚШ-та – 48%).

Проблемалар мен кемшіліктер, әрине, әлемнің барлық елдерінде бар, алайда бұл жағдайда оларға уақтылы және тиімді жауап қайтарудың маңызы зор. Дамыған елдерде қадағалау органының тәуелсіздігі мен ашықтығына ерекше көңіл бөлінеді. Ал қазақстандық реттеушінің басқа мемлекеттік органдарға тәуелділігі мен халықпен байланыс арналарының әлсіздігін қарайғы көзқараспен байқауға болады.

«Әлемдегі ең үздік орталық банк» марапатын 2019 жылы Monetary Authority of Singapore (MAS) алды. Оның басшысы Рави Менонның айтуынша, «соңғы 40 жылда билік MAS-қа бірде-бір рет қысым жасамаған: монетарлық саясатты әлсіретуге де, банкке лицензия беруге де, оны айыруға да тырыспады». Біріктірілген қаржылық қадағалаушы ретінде MAS барлық қаржы институттарын пруденциялық бақылаудың арқасында қаржылық қызметтердің салауатты секторына ықпал етеді. Central Banking басылымдары «MAS-тың қадағалау және нормативтік-құқықтық практикасын жетілдіру және оның жаңа технологияларды дамытуға жәрдемдесуге әзірлігін» айрықша атап көрсетуде.

Қаржы технологияларын дамыту

Жаңа технологиялар іс жүзінде барлық қаржы индустриясын өзгертеді. Қызмет көрсету тәсілдері, қаржы ұйымдарының операциялық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі жетілдірілуде.

Блокчейн технологиясы банк операцияларын жүргізу кезінде «сенімсіздікті» жою арқылы операцияларды жеделдетуге көмектеседі. Блокчейн транзакцияларында барлық тараптар платформаға байланысты, жаңартулар бірден орын алады және жазылған деректерді өзгерту мүмкіндігін болдырмайды. Мысалы, HSBC Банкі 2018 жылдың мамыр айында блокчейн платформасында аккредитив шығарды және мәліметтер алмасу әдетте осындай операциялар үшін талап етілген бес-он күнмен салыстырғанда 24 сағат ішінде жүргізіледі деп мәлімдеді.

Банк жүйесінің ашықтығын арттыруға ықпал ететін Сандық қаржы инфрақұрылымының тағы бір элементі - Open API. Бұл ІТ-компанияларға арналған әмбебап интерфейс, оның көмегімен әзірлеуші екінші деңгейлі банкке қосыла алады және оған қолжетімді деректермен өзара әрекеттесе алады. Мысалы, адамға бір қосымшаның көмегімен түрлі банктерде өз ақшасын басқаруға мүмкіндік береді. Қазақстанда Open API ішінара енгізілуде, бірақ заңнамаларға қосымша өзгерістер қажет. 2020 жылдан бастап белсенді енгізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Ұлыбританияда елдің жеке тұлғалардың 80-90% шоттарын ұстаушы болып табылатын 9 ірі банкі 2018 жылдың 13 қаңтарынан бастап Open API қолдануға міндетті.

Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу, әдетте, банктердің тұрақты проблемаларын ішінара шешуге көмектеседі. Көптеген банктер үшін басты міндет ұйымдық икемділікке қол жеткізу болып табылады. Бұл үшін персоналды басқару тәсілдерін өзгерту және қатысушылардың неғұрлым кең экожүйесі шеңберінде клиенттер үшін пайдалы шешімдер қабылдау бойынша стратегиялық әріптестік құру қажет.

Банктердің корпоративтік басқаруын жақсарту

Қазіргі уақытта Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) мүше елдеріндегі озық практикаға сәйкес, тәуелсіз директорлардың бұрынғы жұмыс орны бойынша атқарушы басшылықпен ешқандай байланысы, елеулі іскерлік байланысы болмауы, олардан қосымша сыйақы алмауы, басқа компаниялардың директорлар кеңестерінде мүшелікте немесе менеджмент өкілдерімен тығыз отбасылық байланыста болмауы керек. Бұдан басқа, ЭЫДҰ-на мүше елдердің үштен бірінен астамында қолданыстағы корпоративтік басқарудың ұлттық кодекстерінде, оның ішінде екі деңгейлі жүйе енгізілген елдерде де тәуелсіз директорлардың акциялардың бақылау пакетін ұстаушылардан тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі ескертіледі.

Осы қағидаттарға сәйкестілік қаржылық және экономикалық тұрақтылық пен тиімділіктің, кәсіпкерлік қызметте адалдық ахуалын құрудың, ұзақ мерзімді капитал салымдарын ынталандырудың кепілі деп танылып отыр.

Іс жүзінде барлық аталған принциптер «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР заңдарында көрініс тапқан, алайда іс жүзінде оларды айналып өтудің жолдары бар. Мәселен, кейбір қазақстандық банктерде, жекелеген жағдайларда тек формальды түрде ғана бар тәуелсіз директорларды қоса алғанда, басқарма мен директорлар кеңесін толық жаңарту қажет.

Халықтың қаржылық сауаттылығы

Бүгінгі таңда Қазақстанда банктердің ашықтығына деген сезімталдықты негізінен депозит сомасы 10 миллион теңгеден асатын, яғни қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры сақтандырған көлемдегі салымшылар көрсетеді. Қалған салымшылар БАҚ немесе әлеуметтік желілерде жағымсыз ақпарат пайда болған кезде ғана жауап береді. Екінші жағынан, қаржылық сауаттылық панацея ретінде қарастырылмауы тиіс – әрбір адамның өз мамандандығы мен өмірлік жағдайлары бар, осындай жағдайлар оларға қаржы секторының «кедір-бұдырларын» түсінуге мүмкіндік бермейді. Оған қоса, адам бір кітапты оқып, енді банк жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінемін деп ойлап, кәсібилік иллюзиясына ұшырауы мүмкін.

Адамдардың қаржылық сауаттылығы күнделікті кездесетін қарапайым операциялар мен механизмдерді қаншалықты түсінетінімен анықталады. Standard & Poor's зерттеулеріне сәйкес Қазақстандағы ересек халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейі 40% құрайды, бұл ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда жақсы, бірақ дамыған елдерге қарағанда нашар (орташа 55%).

Халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі банк қызметінің ашықтығына деген сұранысты арттыра отырып, салауатты бәсекелестікке жәрдемдесетін болады. Бұл ретте шет елдердің тәжірибесіне сәйкес қаржылық сауаттылықты оқытуды ұзақ мерзімді жоспарлау ерекшеліктерін түсіндіре отырып, мектептен бастау қажет.

2021 жылдан кейін өмір бар ма?

Соңғы он жылда жиілеп кеткен қазақстандық банктердің «кенеттен» болатын дефолттары жұмыс істеп тұрған банктердің нақты тұрақтылығына және олар жариялайтын есептілікке күмән келтіруге мәжбүрлейді. Бірақ халық қалыптасқан әдет бойынша ірі банктердің бестігіне ақша аударуға тырысады, ал қалғандары клиенттің сенімі үшін қолдарынан келген барлық тәсілмен күреседі. Дегенмен, жергілікті банкте орналастырудан гөрі біршама қиындау болса да, білікті деген салымшылардың шетелдік банктерде ақша сақтауға деген ұмтылыстары бар.

Алайда, 2021 жылы шетелдік банктердің қазақстандық нарыққа кіруі оңайлатылатынын ескерсек, банк секторындағы бәсекелестік күшейе түсетіні анық. Халық таңдауға ие болғаннан кейін шетелдік банктің пайдасына таңдау жасайтыны әбден мүмкін. Бірақ жергілікті банктерде әлі де бизнес-модельдерді жетілдіру, қаржылық технологияларды белсенді енгізу, сондай-ақ корпоративтік басқару стандарттарына толық сәйкестенуге және қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге уақыттары әлі бар. Егер бәрі ақылмен жасалса, онда олар 2021 жылдан кейін де өмір сүреді деп айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар