Олжас Құдайберген ЕАЭО қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді

None
Фото: facebook.com/o.khudaibergenov
АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасындағы «Фокус внимания» бағдарламасының эфирінде экономист Олжас Құдайберген ЕАЭО қызметінің негізгі бағыттары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде әуелден кеден одағы болды. Тауар тасымалы еркін еді. ЕАЭО дегеніміз – тауар, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Тауар тасымалы бойынша атқарылар жұмыс көп: реттеуші бөлігін өзгерту керек, ол әлі істеліп жатыр. Жұмыс күшін алмасу бар. Қызметтерге келер болсақ, аяқталмаған жұмыс қыруар, бірақ мәселе онда емес. Тауарлардың бір бөлігі Ресей арқылы өткенде тарифтерге, рұқсат беру жүйесіне қатысты мәселелер туындайды. Уақытында қабылданбаған шешімдер салдарынан біздің компанияларымыз зардап шегетін жағдайлар жиі болады. Аяқталмаған жұмыс дегенде осындай дауларды меңзейміз. Ал Еуроодақта мұндай мәселе жоқ. Сол себепті осындай дау туындамайтындай шешім табуымыз қажет», - деді экономист Олжас Құдайберген.
Спикер ЕАЭО экономикалық интеграция үлгісінде құрылғанын тілге тиек етті.
«Келіссөздер кезінде бірыңғай парламент, әскер құруға ұмтылыс болды. Әрине, келіссөз барысында қатысушы елдердің бәрі бұл бөліктерді алып тастап, тек экономикалық интеграция форматын қалдырды. Әдетте интеграция қандай да бір пайда үшін жасалады ғой, сол себепті мұнда экономикалық интеграция тұрғысынан пайда бар», - деп толықтырды ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы саласындағы өнім өндірушілермен кездесіп, жақында Мәскеуде өткен саммитті қорытындылап, ЕАЭО қызметінің негізгі бағыттарын айқындап бергенін айта кетейік.


Соңғы жаңалықтар