Олжас Бектенов Әділет министрлігіндегі әділетсіздіктерді тізіп берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет министрлігінде жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов аталмыш ведомствоның қызметкерлері жіберетін қателіктерді тізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әдеп нормалары мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталмауына қатысты айтарым. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Әділет министрлігінің 28 мемлекеттік қызметкері, соның ішінде Әдеп кодексін бұзғаны үшін 2 қызметкер, мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін 4 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді Олжас Бектенов.

Құзырлы Агенттіктің өкілі өз баяндамасын нақты мысалдармен шегелей түсті. Мәселен, Түркістан облысында Әдеп жөніндегі кеңес Отырар ауданы Әділет бөлімінің басшысы М.А. Қасымбаевтың ісін қараған. Белгілі болғандай, ол мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жұмыстан босатылған. Сол секілді Жамбыл облысы Әділет департаментінің сот орындаушысы А.Ж.Нұрханов қызметтік міндетін дұрыс атқармағаны үшін «қатаң сөгіс» алды.

Олжас Бектенов сонымен бірге, өз қызметкерлерінің баспана мәселесінің жай-күйі әрбір басшының назарында болуы керектігін ескертті.

«Алайда, министрліктегі баспананы әділетті түрде бөлу тәжірибесін зерттеп көргенімізде, кейбір қызметкерлер жатақханадағы орынды Тұрғын үй комиссиясынсыз-ақ алатынына көзіміз жетті. Мысал келтірейін. Министрлікке 2017 жылдың соңында жұмысқа тұрған Г.С.Тапеевке жатақханадан 2 орын беріледі де, ал 2017 жылдың қаңтар айында жатақхана орнына өтініш беріп қойған қызметкерлер әлі де кезекте тұра береді», - дейді Олжас Бектенов.

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткендей, меморгандардың мемлекеттік қызметті көрсету сапасы сараланатын тиімділікті бағалау қорытындысы бойынша, былтыр Әділет министрлігінің жұмысына «тиімділігі төмен» деген баға берілген.

Оның айтуынша, 2017 жылы қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы тұрғысынан (аталмыш министрлік пен оған қарасты ведомстволарда) 204 факті тіркелген. Сонымен бірге, агенттіктің тексеруі аясында биыл министрліктің орталық аппаратында мемлекеттік қызметті көрсетуде негізсіз бас тарту бойынша 20 жағдай тіркелген. Олжас Бектенов өз баяндамасында әрбір кемшіліктерді мысалмен келтірді. 

Соңғы жаңалықтар