Olx.kz-тан ит-мысық сатып алған астаналықтар 540 мың теңгеге алданды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада алаяқ әйел іс жүзінде жоқ асыл тұқымды ит, мысықты «Olx.kz» арқылы сатып келген. №2 Есіл аудандық соты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.

Алаяқ әйел «Olx.kz» сайтына асыл тұқымды күшіктер мен марғаулар нарықтағы бағадан арзанға сатылатыны туралы жалған хабарландыру жариялаған. Солай 11 адамнан түрлі көлемде ақша алдап алған. Ақшаның жиынтық сомасы 540 мың теңгеге жуық.

«Сотта азамат М.-нің кінәсі зардап шеккендерден алынған жауаппен, «Береке Банк» және «Kaspi Bank» үзінді көшірмелері арқылы, «ОЭлИКС» ЖШС мен «Каспий банк» жолдаған жауаптар негізінде, телефон қоңыраулары мен хат алмасу скриншоттары арқылы, өзге де құжаттардың көмегімен дәлелденді. Айыпталушының өзі де кінәсін мойындады», - деп жазылған ерсми сайтта.

Сот күдіктінің кінәсін мойындап, қатты өкінетінін ескерген.

«Сот үкімімен азамат М. алаяқтық әрекет үшін айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот оның бұған дейін Қарағанды облысындағы Теміртау қалалық сотының үкімімен жазаға тартылғанын ескеріп, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады.

Сотталушыға мүлкін тәркілеу жазасы қолданылған жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде одан қылмыстық жолмен тапқан мүлік табылмады. Жапа шегушілердің азаматтық шағымы толығымен қанағаттандырылды. Сот үкімі күшіне енген жоқ», - деп жазылған Астана қалалық сотының ресми сайтында.


Соңғы жаңалықтар