Олимпиаданың сегізінші күні: Жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүріндік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасының сегізінші күні қазақстандық атлеттер медаль алуға сынық сүйем жетпей сүрінген күн болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Бейжің олимпиадасында шорт-тректен ең қысқа 500 метрлік қашықтықта кіл мықтылар анықталып, медальдар сарапқа салынды.

Бұл сында Қазақстан атынан Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша және Әділ Ғалиахметов ел намысын қорғады.

Нәтижесінде Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын көтеріп шыққан Әжіғалиев сүрінбей финалға шықты.

Осы сәтте қазақ елі тақымын қысып, көгілдір экранға көзмайларын суарып, жан-тәндерімен жанкүйерлік танытты. Финалға да келіп жеттік.

Әттең, тағы да үмітіміз су сепкендей басылды. Әжіғалиев мәре сызығын төртінші болып кесіп өтті.

Медальға сынық сүйем жетпей сүрінді. Қарсыластарынан бар болғаны бір-екі секунд артта қалып қойды.

Бірақ, бұл - Әжіғалиевтің үлкен спорттағы ең ірі көрсеткіші еді. Тек оның ғана емес, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының жалпы Олимпиада ойындарындағы ең ірі жетістігі.

Осыған дейін қазақстандық шорт-трек шеберлері төрт жылдық басты додада мұндай көрсеткішке қол жеткізіп көрмеген.

Сондай-ақ, Әділ Ғалиахметов ширек финалдан жартылай финалға қол жеткізе алмады.

Ал Денис Никиша жартылай финалға шыққанымен финалда үздіктер қатарына кірмей қалды.

Міне, осылайша Қазақстан Олимпиадашылары бүгін өздерінің ең үздік нәтижелерін тіркеді.

Енді өзге спорт түрлеріне тоқталып өтсек, бүгін Бейжіңде өтіп жатқан Олимпия ойындарында қазақстандықтардан жарысты бірінші болып тау шаңғысынан алып слалом бойынша Захар Кучин жарыс алаңына шықты.

Өкінішке қарай отандасымыз бірінші іріктеу кезеңінде жарысты соңына дейін аяқтай алған жоқ.

Одан кейін биатлоннан әйелдер арасында із кесу жарыстары басталды. Аталған додада қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская-Шепоренко қатысып, жалпы есепте Олимпиада ойындарын 52-орынмен аяқтады. Бұл отандасымыздың Бейжің Олимпиадасындағы соңғы жарысы еді.

Сондай-ақ, бүгін биатлоннан ерлер арасында 12,5 шақырымдық із кесу жарыстары да өз мәресіне жетті.

Бұл бағдарламада Қазақстан намысын Александр Мухин қорғады. Өкінішке қарай отандасымыз жарысты 57-ші болып аяқтады.

Бұл да Мухиннің Бейжің Олимпиадасындағы соңғы мүмкіндігі, яғни соңғы жарысы еді. Алайда ол үздіктер қатарынан көріне алмады.

Бүгін қазақстандық спортшылардан соңғы болып конькимен жүгіруден 500 қашықтықта әйелдер арасында Екатерина Айдова сынға түсті.

Ол мұз айдынында қытайлық Тайбэйден келген Хуан Ю-Тинмен жұптасып жүгірді.

Жерлесіміз екеуара жарыста мәре сызығын 38,54 секунд көрсеткішімен бірінші болып кескенімен жалпы есепте жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ.

Осы орайда айта кетейік, негізі бүгін қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында спорттың 5 түрінен сынға түсуі керек болатын.

Төрт түрінен жарыстар белгіленген кестеге сай өтті.

Алайда, бүгін өтуі тиіс фристайл акробатика жарысы ауа райының қолайсыздығына байланысты бір күн кейінге шегерілді.


Соңғы жаңалықтар