Олимпиаданың ашылу салтанаты спортшыларға рух берді - Елсияр Қанағатов

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Кеше Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов ҚазАқпарат тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Елсияр Баймұхамедұлы, ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қалай баға бересіз?

- Әр Олимпиада ойындарының ашылу рәсімі әр түрлі өтеді ғой. Кореялықтар өздеріңіз көргендей бұл маңызды шараны ашық аспан астында өткізді. Жалпы жаман болған жоқ. Олар тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін қойылымдарын, көріністерін көрсете білді.

- Ашық стадионда өткен салтанатты шеруде тоңып қалған жоқсыздар ма?

- Мен алғашында солай бола ма екен деп ойлағам. Бұл ашық стадион, спортшыларымыз тоңып қаларма екен деп. Жоқ, мен ойлағандай көп күткен жоқпыз. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті осыған дейін ашылу салтанатында не болатынын, сценарий қалай болатындығын жасырын ұстап келді. Сол үшін бізде алғашында сәл алаңдаушылық болған еді. Шара ойдағыдай өтті.

- Ту көтеру шеруіне шыққан спортшылардың көңіл-күйлері қалай болды? Олимпиаданы сезінгені байқалды ма?

- Әрине, барлық спортшыларымыз осы Олимпиада ойындары деп келді. Әр қайсысының көкейінде жүлдегер атансақ деген армандары бар. Ал Олимпиаданың осындай салтанатты ашылу рәсімі әр спортшыға үлкен рух, күш-жігер сыйлайды. Біздің спортшылар да жақсы әсер алды деп ойлаймын.

Соңғы жаңалықтар