Олимпиадалық рейтингке енген балуандарымыз бар - Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осыдан бірнеше күн бұрын Франция астанасы Парижде дзюдодан дәстүрлі «Grand Slam» турнирі өтті. Ол жарысты қазақстандықтар бір күміс, бір қола медальмен аяқтады.

Алғашқы қола медальді 60 келіде ел намысын қорғаған Елдос Сметов жеңіп алған болатын. Ол жартылай финалда ресейлік Яго Абдуладзеге есе жіберіп, қола медаль үшін өткен кездесуде Оңтүстік Корея спортшысынан басым түсті. Екінші күміс медальді 73 келі салмақта сынға түскен Жансай Смағұлов жеңіп алды. Ол финалға дейін ешкімге дес бермей келген болатын. Ақтық бәсекеге дейін алты белдесу өткізіп, барлық қарсыластарынан басым түсті. Өкінішке қарай, «алтын» үшін соңғы белдесуде жапониялық Соичи Хашимитодан «ваззари» ұпайымен ұтылып қалды.

Осы жарыстан кейін, ҚазАқпарат тілшісі дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұловқа хабарласып, қазақстандық татами шеберлерінің аталған жарыстағы көрсеткіштері мен Токио Олимпиадасы алдындағы мақсат-жоспарлары туралы сұраған еді. Бүгін назарларыңызға сол сұхтатты ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

- Айдын Құдайбергенұлы, Парижде өткен Grand Slam турниріне қатысып қайттыңыздар. Жалпы жарыс қалай өтті?

- Бұл - жыл сайын өтетін дәстүрлі дода. Сондықтан әр жылы жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Дәрежесі жағынан әлем чемпионатынан кем түспейді. Бұл жарысқа биылдың өзінде 117 мемлекеттен келген 700-ден астам балуан бақ сынады. Олардың арасында бірнеше дүркін әлем және Олимпиада ойындарының чемпиондары да бақ сынады. Әр белдесу аса тартысқа толы болды. Бұл жарыста балуандар өздерінің Олимпиада ойындарына қаншалықты дайын екендерін тексеріп алуға тамаша мүмкіндік алды.

- Балуандарымыз бұл жарысты бір күміс, бір қола медальмен аяқтады. Шәкірттеріңіздің бұл жетістігіне көңіліңіз толды ма?

- Біздің құрама 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Алайда, басты жүлде «алтынды» ала алмағанымыз, әрине, өкінішті. Бірақ, біздің қазіргі басты мақсатымыз - Олимпиада ойындарына дейін қажетті барлық ұпайды жинау. Сол ұпайлар бізді төртжылдық додаға қатысуға мүмкіндік береді. Қазір әлемдік рейтингте бір салмақтың өзінде 400-500 балуаннан тұр. Әр салмақтан Олимпиада ойындарына тек 18 балуан ғана қатыса алады. Енді сол 18 спортшының қатарына кірудің өзі қаншалықты қиын екенін ойлай беріңіз. Сондықтан осындай әр жарыстағы спортшыларымыздың жинаған 10 ұпайы да, 1000 ұпайы да өте маңызды. Бұл додада әр балуанымыз өздеріне қажетті ұпайына ие болды. Ең бастысы, ешкім жарақат алған жоқ. Сол себепті, шәкірттерімнің өнеріне жоғары баға бере аламын.

- Жалпы, осы жарысқа аттанар алдында қай салмақтардағы балуандарға сенім арттыңыз? Іштей өзіңіздің есебіңіз болған шығар?

- Әлбетте, ондай есеп әр бапкерде болады. Бірақ, балуандарымызды анау осал, мынау мықты деп бөле қарауға болмайды. Әр салмақтың өз мықтылары бар. Негізі біз, 60, 66, 73, 81 және 90 келі салмақта медаль аламыз деп жоспарлаған болатынбыз. Сол мақсатымыздың тең жартысы орындалды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Жоғарыда атап өткенімдей, осы Grand Slam турниріне 117 мемлекеттен ең таңдаулы балуандар келді. Сол елдердің барлығы елдеріне жүлдемен кеткен жоқ. Санаулы медальдің екеуіне қол жеткіздік. Кейбір балуандарымыз медаль алмаса да, өздеріне қажетті шамалы ұпайын алып қайтты.

- Кейбір балуандарымыз жарысты ерте аяқтап жатты. Жалпы, жүлдеге іліге алмаған балуандарымызға не жетіспеді деп ойлайсыз?

- Бұл - спорт! Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Өздеріңіз көргендей, балуандарымыздың бірі жарысты ерте аяқтаса, бірі жүлделі орындарға дейін жетті. Ал, тағы бір балуанымыз жүлделі орынға сынық сүйем жерден сүрініп жатты. Бұл спортта болатын құбылыс. Кейде атағы алты құрлыққа мәлім, Олимпиаданың екі-үш, әлемнің 7-8 дүркін чемпиондарының өзі екінші, үшінші айналымнан аспай жарыстан шығып қалып жатады. Мысалға айта кетсек, осы Парижде өткен Grand Slam турнирінде дзюдодан екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы, он бір рет әлем біріншілігінде топ жарған француз Тедди Ринер жапон жігіті Кокоро Кагеруден жеңіліп қалды. 100 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін спортшының бұл 2010 жылдан бері бірінші жеңілісі. Яғни, ол бұған дейін он жылға жуық уақыт жеңілмеген. Көрдіңіз бе, спорт деген осылай. Чемпиондық атақ мәңгі бір балуанның еншісінде болмайды.

- Осы Парижде өткен Grand Slam турнирінен кейін Халықаралық дзюдо федерациясы әлемдік рейтингті жаңартты. Аталған рейтингте Елдос Сметов 5868 ұпаймен екінші сатыда болса, Жансай Смағұлов 700 ұпай қосып, жеті сатыға жоғарылады. Жалпы, Олимпиадаға жолдама беретін рейтингтік турнирлер қашан аяқталады?

- Бүгінгі таңда спортшыларымыз олимпиадалық рейтингте қарқынды түрде ұпай жинап жатыр. Былтырғы көрсеткішімізге федерация басшылары «қанағаттанарлық» деген баға берген болатын. Енді биыл біздің алдымызда үлкен дода – Олимпиада ойындары тұр. Сол үшін бізге еш босаңсуға болмайды. Қазірдің өзінде олимпиадалық рейтингте тұрған балуандарымыз бар. Биыл алдымызда бұл додадан бөлек әлі көптеген жарыстар бар. Нақтырақ айтсақ, алдағы, яғни Олимпиада ойындарына дейін Азия чемпионатынан бөлек, көптеген гран-при, гранд-слэм, Азия және Еуропа кубоктары бар. Барлығында спортшыларымыз медальмен бірге ұпайға таласады. Ең соңғы жарыс — мамыр айында Катарда өтетін турнир. Содан кейін ұпай жүйесі жабылады. Біз Катарда өтетін турнирден кейін, яғни мамыр айының соңында Токио Олимпиадасына кімдердің баратынын нақты хабарлайтын боламыз.

- Қазір олимпиадалық рейтингте тұрған балуандарды атап кетсеңіз...

- Әлбетте, олимпиадалық рейтингте тұрған балуандар қатарында құрамамыздың көшбасшысы 60 келіде өнер көрсететін Елдос Сметов бар. Сонымен қатар, осы салмақта Ғұсман Қырғызбаев та олимпиадалық рейтингте тұр. 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов та олимпиадалық рейтингке бір табан жақындап қалды. 81 келіде Дидар Хамза, 90 келіде Ислам Бозбаевтар енді алдағы турнирлерде жақсы өнер көрсетсе, олимпиадалық рейтингке енгелі тұр. Ал, 100 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Серікбаев пен аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев олимпиадалық рейтингтен сәл алшақтау болғанымен төрт жылдық додаға дейін оларда қажетті ұпайларын түгендеп үлгереді деген үміттеміз.

- Жоғарыда аталған рейтингтік жарыстарға тек қана ұлттық құраманың үздіктерін ғана апарасыздар ма, әлде өзге де балуандарға мүмкіндік беріле ме?

- Біз бұл жарыстарға тек үздіктерді ғана апармаймыз. Әр жарысқа рейтингте тұрған түрлі балуандар барады. Біз жастарға да, жасөспірімдерге де мүмкіндік береміз. Жасөспірімдерден 60, 66 келіде жақсы спортшылар өсіп келеді. Егер олар ірі жарыстарда көзге түсіп, жақсы бәсекелестік тудыра алса, оларды да қатарға қосамыз. Бұл жолы, яғни Францияда өткен Гранд-слэм турниріне бірінші нөмірлі балуандарымызды түгел қатыстырдық. Себебі, бұл - әлемдегі ең мықты жарыстардың бірі. Ол туралы жоғарыда атап өттік. Дюссельдорфтағы Гран-при турниріне ұпайы аз спортшыларды жібереміз, ал Мароккодағы турнирде негізгі құрам күреседі. Лицензия иелену үшін ұпайы жетпей жатқан жігіттер Екатеринбургте сынға түседі. Грузия мен Түркиядағы турнирлерге негізінен жастарды апарамыз. Одан кейін, Моңғолияда Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Оған балуандарымыз түгел қатысады. Содан кейінгі Masters турнирінде жігіттер бар күшін пайдаланып, ұпай алуы тиіс. Себебі, Олимпиадаға іріктеу кезеңі осы жарыспен жабылады. Бұл турнирлер арасында өзіміздің кезекті оқу-жаттығу жиындарымыз бар. Ал Токио Олимпиадасы қарсаңында екі ай үзіліс алып, дайындық жүргіземіз. Ең бастысы - олимпиадалық рейтингте тұрған балуандарымыз оқу-жаттығу барысында жарақат алып қалмай, Токио Олимпиадасында жақсы өнер көрсете білсе болғаны.

- Париждегі Grand Slam турниріне коронавирустың кесірінен Қытай құрамасы қатысқан жоқ. Бұл «вирус» осындай рейтингтік жарыстарға ғана емес, Олимпиада ойындарына да қауіп төндіруі мүмкін бе?

- Бұл туралы мен жауап бере алмаймын. Бірақ, шынымен бұл жарысқа Қытай құрамасы қатыса алған жоқ. Оған себеп белгілі. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. Осы жарыс барысында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер арнайы өткізген жиналыста бұл мәселе сөз болды. Онда «Қытай спортшыларына белгіленген көрсеткіштерге сай, рейтингтік жарыстарға қатыстырмай-ақ, Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беру» туралы сөз болды. Оның өзінде мың рет тексеріп, тек жұқпалы індетті жұқтырмағандарын ғана Олимпиадаға шақыру керектігі айтылды. Бұл соңғы шешім немесе нақты ақпарат емес. Сондықтан, Қытай спортшыларының Олимпиадаға қатысу-қатыспауы алдағы уақыттың еншісінде. Жалпы әлем болып, бұл аурудың емін тауып, ауыздықтамаса, Олимпиада ойындарының өтуіне кері әсерін тигізері анық.

- Соңғы сұрақ, Олимпиада ойындарында қанша медаль алуды көздеп отырсыздар?

- Өте ауыр сұрақ. Әзірге медаль туралы айту ерте. Жоғарыда атап өткенімдей, дәл қазіргі мақсатымыз барлық салмақта олимпиадалық рейтингке еніп, Олимпиада ойындарында толық құрамда бақ сынау. Ол үшін біздің әр салмақтағы балуандарымыз әлемдік рейтингте үздік 18 балуанның қатарына енуі керек. Сонда ғана Олимпиадаға бара алады. Сонда ғана Олимпиаданың медаліне таласа алады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар