Олимпиадалық даярлау орталығы директорының ісі сотқа жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бірлескен жиынында айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков спорт саласында жемқорлыққа жол берген тұлғалар туралы ақпарат бере келе, олимпиадалық даярлау орталығының директорына қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталғанын мәлім етті.

«Жуықта «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» РМК директоры Мұқашевке қарсы сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Оған кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға еңбекақы төлеген болып 21 млн теңгені иемденіп, заңсыз жұмсады деген айып тағылып отыр. Өкінішке орай спорт және дене шынықтыру саласында мұндай заңсыздықтар көптеп кездеседі», - деді агенттік өкілі.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің заңгерлік басқармасының бас сарапшысы Динара Әбенова аталмыш іс бойынша комитет тарапынан атқарылған шараларға тоқталды.

«Комитет төрғасының бұйрығымен орталық директоры Мұқашев, директордың екі орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ, орталық директорының тағы бір орынбасары Зайнулдинаға, бас есепшісі мен кадрлар бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Орталық директорының кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйақы төлеу ережелері туралы бұйрығына өзгеріс енгізілді», - деді комитет өкілі.

Соңғы жаңалықтар