Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы Моңғолияда марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақ қыздарының арасынан Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш спортшы Алданыш Рамазанқызы Моңғолияда «Еңбек сіңірген спортшы» атағымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Kaznews» сайтының жазуынша, Алданыш Рамазанқызы 1964 жылғы Токио қаласында өткен олимпиада ойындарына Моңғол елінің атынан қатысқан.

«Әрі Моңғолия спорты тарихында тұңғыш рет олимпиадаға қатысқан әйел ретінде аты алтын әріппен жазылған. Ол қазақ диаспорасынан шыққан тұңғыш спорт шебері екенін атап өткеніміз жөн болар. Моңғол елінің рекордын бірнеше рет жаңартқан. Он екі дүркін еліміздің чемпиондық тұғырына көтерілген, шашасына шаң жұқпаған желаяқ», - делінген сайттың ақпаратында.

Айта кетейік, Алданыш Рамазанқызы 1945 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында дүниеге келген. Қазақ тарихында жеңіл атлетикадан шыққан тұңғыш спорт шебері, Моңғолияның тұңғыш олимпиадашысы, ширек ғасырға жуық рекорды бұзылмаған спортшы, халықаралық жарыстан тұңғыш медаль әкелген жеңіл атлет, желаяқ жүйрік, озат бапкер-ұстаз Алданыш Рамазанқызы қазір Ұланбатыр қаласында өмір сүріп жатыр.


Ұланбатырдағы орта мектепте оқып жүргенінде-ақ жүгіруден шеберлігін байқаған сол кездегі мемлекеттік спорт комитеті жеңіл атлетика бөлімінің жаттықтырушысы мен Кеңес елінен келген спорт маманы 5-сыныптың оқушысын жеңіл атлетика сексиясына қабылдаған. Кешікпей талантты қыз ұлттық құраманың сапына қосылып, 1961 жылдан 1969 жылға дейін ұлттық құрамада өнер көрсетті.

Ашық дереккөздердің мәліметінше, 1962 жылы Моңғол елінің тарихында алғаш рет бүкілхалықтық спартакиада өткен болатын. Осыған 16 жасында қатысқан Алданыш 200, 400, 800 метрлік жарыстардан ел рекордын жаңартқан. Бұл өз уақытында бұрын-соңды болмаған елеулі жетістік еді. Алданыш Рамазанқызының 200 метр қашықтыққа жасаған рекорды үш жылдан кейін жаңарды. Ал, 400 және 800 метр қашықтықтағы рекордын 22 жыл бойы ешкім бұза алмаған. Бір қызығы сол – Алданыш Рамазанқызының 800 метр қашықтыққа тоқтатқан рекордын 1984 жылы тағы бір қазақ қызы, Моңғолия Мемлекеттік универстеттің түлегі Күшай Құлыбекқызы жаңартыпты.

Сондай-ақ, 1966 жылы Таулы Алтай өлкесінде өткен Моңғол-Кеңес елдерінің студент-жастар фестивалына қатысып, жүгіруден алтын медаль иегері атанған. Республикалық құрамада жүрген жылдары Бакуде өткен халықаралық турнирде алған күміс медалі – Моңғолияның жеңіл атлетика тарихында халықаралық жарыстан әкелген алғашқы медалі ретінде тіркелген.


Соңғы жаңалықтар