Олимпиадаға іріктеу турнирі: Боксшы Әбілхан Аманқұл жекпе-жекті жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Әбілхан Аманқұл алғашқы айқасын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандасымыз алғашқы айналымда Оңтүстік Корея боксшысы Ким Чже Жинсеймен жұдырықтасып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.

Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бір ауыздан Аманқұлды жеңімпаз деп тапты. Осылайша, жерлесіміз жарыстың 1/4 айналымына жолдама алды.

Енді Әбілхан Аманқұл жартылай финалға өту үшін өзбекстандық Фанат Қахромоновпен қолғап түйістіреді.

Естеріңізге саа кетейік, осыған дейін Ғалымбек Кенжебаев баптайтын тағы екі боксшымыз шаршы алаңға шығып екеуі де алғашқы қарсыластарынан басым түсіп келесі айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Олардың бірі Зәкір Сафиуллин болса, екіншісі Бекзад Нұрдәулетов. Осылайша бүгін шаршы алаңға шыққан 3 боксшымызда жекпе-жегін жеңіспен бастады.

Айта кетейік, аталған іріктеу турнирде Олимпиада ойындарына барлығы 63 лицензия үлестіріледі. Жолдамаға Қазақстаннан ерлерден 8 салмақ, әйелдерден 5 салмақ санатында жалпы 13 боксшы сынға түсіп жатыр.

Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғайды. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит Олимпиада жолдамасына таласады.

Әйелдер боксынан 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет шаршы алаңға шығады. 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова сынға түссе, 75 келі салмақта Надежда Рябец жұдырықтасады.

Соңғы жаңалықтар