Олимпиадаға іріктеу: Қазақстанның ерлер құрамасы бірінші ойында жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан ерлер құрамасы Қытайдың Цзянмынь қаласында Токио Олимпидасына іріктеу турнирін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық волейболшылар алғашқы турда Қытаймен шеберлік байқасты. Қарсылас Азия құрлығындағы тәжірибелі құраманың бірі саналады. Қытай құрамасы 1984, 2008 жылдары Олимпиада ойындарында бақ сынады. 1978, 1982 жылдарда әлем чемпионатында эетінші орын алды. Азия чемпионатында 1979, 1997, 1999 жылдарда чемпион атанған.

Бүгінгі кездесуде ойын барысында қытайлық волейболшылар басымдық танытты. Бірінші сетте қазақстандық спортшылар оларға 19:25 есебімен есе жіберсе, одан кейін 14:25, 18:25 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша қазақстандық волейболшылар қарсыласына жалпы есепте 0:3 есебімен жол берді.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы А тобында Иран, Қытайлық Тайбэй, Қытай құрамаларымен шеберлік байқасады. Енді олар 8 қаңтарда Иран, 9 қаңтарда Қытайлық Тайбэй құрамаларымен ойнайды.

Азия құрлығы бойынша В тобында Австралия, Оңтүстік Корея, Үндістан және Катар волейболшылары жолдамаға таласады. Жартылай финал мен финал 11-12 қаңтарда өтеді. Жеңімпаз Олимпиадаға Азия құрлығынан берілген жалғыз жолдамаға ие болады.

Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін Қазақстан құрамасы Олимпиадаға бірде-бір мәрте қатысып көрген жоқ. Ал әлем чемпионаты финалдық кезеңінде 2002, 2006 жылдарда сынға түсті.

Бүгін волейболдан Қазақстан қыздар құрамасы Таиландтың Накхонратчасима қаласында Токио Олимпиадасына іріктеу ойындарын жеңіспен бастады.



Соңғы жаңалықтар