Олимпиадада Қазақстан жеңіп алған 52 медальдің қаншасы қыздарымыздың еншісінде?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрындары спорт десе, көз алдымызға тек ер жігіттер ғана елестейтін. Қыздар спортпен айналысады деген түсінік болмаған кездер болды. Әсіресе, қызын құдайындай сыйлап, құрметтейтін қазақ қоғамында қыз баланы «қызым - қызғалдағым, ұлым - ізгі арманым» деп мәпелеп, ауыр жұмысқа салмай аялап өсірген.

Алайда, бүгінгі таңда бұл көзқарас мүлде өзгеріп кетті. Тіпті кейбір спорт түрлерінен жігіттерден емес, қыздардан үміт күтетін деңгейге жеттік. Мысалы, биыл көптеген қазақ жанкүйерлері жеңіл атлет аруымыз Ольга Рыпаковаға зор үміт артып отыр. Ал осы спорт түрінен «жігіттердің қайсысы жүлдеге лайық» деп сұрай қалсаңыз ойланып барып жауап берері сөзсіз.

Қазір елімізде спортпен айналысып, Халықаралық ареналарда көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды аспандата шырқатып жүрген аруларымыз жеткілікті. Оған ана-мына жарыстар емес, спорт жарысының төресі, төрт жылда бір алауы тұтанатын Олимпиада ойындарындағы жетістіктеріміз дәлел.

Қыздарымыз спорттың ауыр атлетика, бокс, күрес сияқты физикалық дене күші мен психологиялық төзімділікті талап ететін түрлерінен жарыстарда жігіттерден кем өнер көрсетпейді. Мұндай ауыр спорт түріне көп жағдайда жігіттің жігіті ғана төзе алады. Жалпы қыздарымыз жігіттер айналысатын спорттың барлық түрімен айналыса алатынын дәлелдеп жүр.

Тәуелсіздік алғаннан бері отандастарымыз қатысқан 5 Жазғы олимпиаданың тарихына үңілсеңіз, жерлестеріміз Қазақстан қоржынына жалпы 52 медаль салған екен. Бұл жүлденің барлығы тек жігіттерімізге ғана тиесілі емес.  Оның 11-і аруларымыздың еншісінде. Осы 11 медальдің  5-еуі алтын, 2-і күміс, 4-і қола медаль.

Алтын медальдің иегері атанған аруларымыз:

Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) - Сидней олимпиадасы (2000),

Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) - Лондон олимпиадасы (2012)

Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 53 келі) - Лондон олимпиадасы (2012)

Майя Манеза (ауыр атлетика, 63 келі) - Лондон олимпиадасы (2012)

Светлана Подобедова (ауыр атлетика, 75 келі) - Лондон олимпиадасы (2012)

Күміс медальдің иегері атанған аруларымыз:

Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі) - Бейжің олимпиадасы (2008)

Анна Важенина (ауыр атлетика, 75 келі) - Бейжің олимпиадасы (2008)

Қола медальдің иегері атанған аруларымыз:

Елена Шалыгина (әйелдер күресі, 63 келі) -Бейжің олимпиадасы (2008)

Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, +75 келі) - Бейжің олимпиадасы (2008)

Марина Вольнова (әйелдер боксы, 75 келі) - Лондон олимпиадасы (2012)

Гүзель Манюрова (әйелдер күресі, 72 келі) - Лондон олимпиадасы (2012)

Міне, қызақстандық қыздардың Олимпиада ойындарында ел қоржынына салған жүлделері. Ал, әлем және құрлықтық біріншіліктердегі жетістіктеріміз бұдан әлдеқайда көп екені айтпасақ та түсінікті.

Осы орайда айта кетейік, Алаштың ендігі арманы қазақтың қаракөз қыздары арасынан бір Олимпиада чемпионын көру. Бұйыртса, бұл күндер де алыс емес деген үміттеміз. Ендеше, биылғы Рио Олимпиадасында бір қазақ қызы Олимпиаданы бағындырып, қазақтың қыздарын күллі әлемге танытсын деп тілейік.

Соңғы жаңалықтар