Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова саяси науқаннан шет қалмады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында таңертеңнен бері референдумға қатысып жатқан халық саны аз емес. Солардың арасында үш дүркін Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметінше, референдум учаскелерінде елеулі заңбұзушылық тіркелген жоқ. Байқаушылардың барлық ескертуі дереу ескеріліп жатыр.

Мәселен, Семей қаласындағы № 249 сайлау учаскесінде екінші рет дауыс беру фактісі анықталды.

Комиссия төрағасы түсініктеме беріп, байқаушылардың қатысуымен бір бюллетеньді жою туралы хаттама жасалды.

Бұған сайлаушылар тізімдері мен e-gov деректер базасы арасындағы техникалық сәйкессіздік себеп болған.

Ауа райы қолайсыздығына қарамастан өңір жұртшылығы белсенді дауыс беріп жатыр.

Сағат 18.00-дегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында дауыс беруге құқылы азаматтардың 72,76 пайызы бюллетень алды.

Референдумға қатысып, өз таңдауын жасағандардың бірі – қазақстандық жеңілатлет Ольга Рыпакова.

Өскемен қаласындағы №2 учаскеде тіркелген ол дауыс беріп, азаматтық позициясын танытты.

«27 жылдан кейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтіп жатыр. Бұл - Қазақстан үшін тарихи оқиға. Референдумға қатысу – әрбір азаматтың құқығы, таңдауы. Мен бүгін осы құқығымды пайдаланып, дауысымды бердім», - дейді үш дүркін Олимпиада жүлдегері.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен халқы өз таңдауын жасап жатқаны жайлы фоторепортаж берген едік.


Соңғы жаңалықтар