Олимпиада жүлдегері Эльмира Сыздықова туған күнінде спартакиада жеңімпазы атанды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әйелдер күресінен Қазақстанның VI жазғы спартакиадасы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы дода барысында бірнеше даңқты балуан кілемге шығып, өздерінің әлі бабында екендігін байқатты.

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова ауыр жарақаттан кейін кілемге қайта оралып, жуырда Францияда өткен халықаралық турнирде топ жарған еді.

Спартакиадада Қарағанды облысының намысын қорғаған Э. Сыздықованың 5 ақпан, яғни бүгін туған күні. Ол 76 кг салмақта астаналық Гүлмарал Еркебаевамен белдесті. Эльмира 2021 жылы Гүлмаралға есе жіберген еді. Аса тартысты өткен бәсекеде бұл жолы Эльмира қарсыласын бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтып, қарымта қайтарды.

Сондай-ақ, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, астаналық Жәмила Бақбергенова 72 кг салмақта финалда батысқазақстандық жас балуан Анастасия Панасовичті айқын басымдылықпен ұтты.

Сол секілді 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, Шымкенттің атынан шыққан Елена Шалыгина 68 кг салмақта қарсылас шақ келтірген жоқ.

Барлық салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталып, диплом, медальдармен марапатталды.

Дүйсенбі күні еркін күрес шеберлеріне кезек тиеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын кілемге қайта оралған Алмат Кебіспаевтың спартакиада чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар