Олимпиада ойындарына сапалы дайындалуға уәде береміз – Мырзағали Айтжанов

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Президентке алдағы байрақты бәсекелерде елді қуантуға уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жақында ғана Ташкентте өткен әлем чемпионатында спортшыларымыз үлкен жетістікке жетті. Бұл, өзіңіз айтқандай, ерінбей еңбек еткеннің, тер төккеннің арқасында. Ал енді бокс саласының дамуына, осындай үлкен жетістікке жетуге бірінші кезекте мемлекеттен және Қазақстан бокс федерациясының тарапынан барлық жағдай жасалған», - деді бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде бас бапкер Мырзағали Айтжанов.

Оның айтуынша, алда Қазақстан боксшыларын биылғы Азия ойындары мен ендігі жылы болатын Олимпиада ойындары күтіп тұр.

«Еліміздің боксшылары осы жарыстарға тыңғылықты, сапалы дайындалып, еліміздің, халқымыздың, жанкүйерлердің үмітін ақтауға бар күшін салады. Ерінбей еңбек етіп, тер төгіп, елімізді қуантамыз деген сеніммен сізге уәде береміз», - деді бас бапкер.

Еске салайық, бүгін Президент бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшелерін Ақордада қабылдаған болатын. Кездесу барысында Мырзағали Айтжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа бокс қолғабын сыйлады.

Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар