Олимпиада: Қазақстандық спортшылардың 7-ші күнгі нәтижелері

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Қазақ елі үшін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының  жетінші күні де сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бүгін кешегі алай-дүлей болып соққан қатты жел сап басылып, жарыстар кестесіне сәйкес жоспарланған барлық ойындар өз уақытында өтті. Қазақстандық спортшылар спорттың 4 түрінен бақ сынады. Атап өтсек, олар тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және фристайлдан сынға түсті.

Жасырары жоқ, бүгінгі жарыста қазақ елі фристайл-акробатикадан Жанбота Алдабергенованың жолына үмітпен қарады. Себебі, осыған дейін Жанбота ірі додаларда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрді. Сочи Олимпиадасында ең үздік алтылыққа енгені тағы бар. Бүгін бұл сайыстан медальдар сарапқа салынбаса да, финалдық кезеңге жолдама алады деген сенімде болдық. Өкінішке қарай үмітіміз селге кетті.

Жанбота Алдабергенова  бірінші іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 81.07 ұпай жинап, 12-орын алса, екінші іріктеу кезеңінде 85,36 ұпай жинап, жетінші орынға табан тіреді. Осылайша финалдық кезеңге өтпей қалды. Жарыстан кейін тілшілер күтіп тұрды. Алайда, көз жасына ерік берген спортшымыз «ештеңе айта алмаймын. Кешіріңіздерші мені», - деді. Ары қарай бізде мазалаған жоқпыз.

Сондай-ақ, осы сында өнер көрсеткен  Маржан Ақжігіт 12-орын иеленсе, Ақмаржан Қалмұрзаева мен Аяна Жолдас сайысты 12 және 18-орында аяқтады.

Ал тау шаңғысы сайысынан ерлер арасында сынға түскен отандасымыз Игорь Закурдаев Олимпиада ойындарындағы шапшаң түсу сайысын 39-шы орынмен аяқтаса,  әйелдер арасында ел намысын қорғаған екінші спортшымыз Мария Григорова слаломда 51-ші орын алды.

Сонымен бірге бүгін шаңғы жарысынан еркін стильде жекелей сайыста әйелдер арасында сынға түскен Валения Тюленева 47-ші болып мәреге жетсе, Анна Шевченко мен Елена Коломина жарысты 56-шы және 63-орындармен аяқтады.

Бүгін биатлоннан сынға түскен қыз-жігіттермізде жүлделі орындардан көріне алмады. Әйелдер арасында ең үздік нәтижені Галина Вишневская көрсетті - 45-орын. Ольга Полторанина мен Алина Райкова Галинадан кейінгі сатыларда орналасты. Дарья Климина жарысты 51-орында аяқтады. Сонымен бірге бүгін ерлерден төрт қазақстандық биатлоншы 20 шақырым қашықтыққа жекелей сайыста өнер көрсетті.

Осы жарыста ерлер арасындағы ең жоғары нәтижені Максим Браун көрсетті - 61 орын. Бір төмен сатыда Василий Подкорытов жайғасты. Тимур Хамитгатин сайысты 72-ші, ал Владислав Витенко 83-ші орында аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, 9-шы ақпанда алауы тұтанған Ақ Олимиада ойындарына Қазақстан 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен ел намысын қорғап жатыр. Ал, жалпы Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 102 мадаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс 25-ші ақпанда өз мәресіне жетеді.

Фото: Данияр Майлыбаев

Соңғы жаңалықтар