Олимпиада чемпионы Майя Манеза Қыздар университетін тәмамдап, қолына диплом алды - ФОТО

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Олимпиада чемпионы Майя Манеза Қыздар университетін «денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, қолына диплом алды.

«Мен Қыздар университетінде білім алып, бітіріп отырғаныма қуаныштымын. Қуанышты сәтімде барлық ұстаздарыма алғысымды білдіргім келеді. Осы университетте оқыған уақыттары екі дүркін әлем чемпионы, Лондон олимпиадасының чемпионы атандым. Алдағы уақытта оқуымды жалғастырамын, магистратураға түсу ойымда бар. Біліммен қатар, спорттық карьераны да бірге алып жүремін. Қазір де үлкен дайындық үстіндемін», - деді Олимпиада чемпионы Майя Манеза.

Естеріңізге сала кетейік, зілтемірші Майя Манеза 2010 жылы қыркүйек айында Қыздар университетіне оқуға түсе салысымен 63 келі салмақ дәрежесінде Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, екі дүркін әлем чемпионы атағын иеленді (2009 жылы Оңтүстік Кореяда әлем чемпионы атағын жеңіп алған). Сол уақытта зілтемірші ару қызымыз 143 келі салмақты бағындырып, әлем рекордын жаңартқан болатын.

Осы жылдың қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен ХҮІ жазғы Азия ойындарына қатысып, Қазақстан қоржынына 1 алтын медаль салды. 2011 жылғы қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен Қазақстан халқы спартакиадасында 69 келі салмақ бойынша 1-орын алып, қазан айында Францияның астанасы Париж қаласында өткен олимпиаданың лицензиялық әлем чемпионатында 63 келі салмақта күміс медальға ие болды.

2012 жылы Майя Манеза Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы олимпиадалық ойындарға қатысып, өз салмағында әлемде теңдесі жоқ екенін дәлелдеп олимпиада рекордын жаңартып, чемпион атанды.

Айта кетейік, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін биыл магистратура бойынша 249, бакалавр бойынша 2 630 түлек тәмамдап, қолдарына дипломдарын алды.

Салтанатты жиынды университеттің ректоры Нөкетаева Динар ашып, биыл білім ұясынан түлеп, қанаттанып шыққан қарлығаш - түлектерге ақ тілегін білдірді.

«Құрметті бітіруші түлектер! Сіздер бүгін 70 жылдық тарихы бар қасиетті Қыздар университетін «70-ші түлегі ретінде» аяқтап, мәңгі тарихымызда қалып, үлкен өмірге жолдама алғалы отырсыздар. Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн, ерекше мереке. Сіздерден үміт күткен ата-аналарыңыз үшін де өте үлкен қуаныш. Алдағы уақытта ұстаздарың мен ата-аналарыңның үкілі үмітін ақтап, тамаша маман иесі болады деп сенемін. Оқу ордасында алған білімдеріңізді өмірде қолдана біліп, еңбек жолында табыстарға жетулеріңізге тілектеспін! Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын дей отырып, баршаңызға ақ жол тілеймін!» - деді.

Соңғы жаңалықтар